Ауданда қызылша ауруы өршіп тұр. Қыркүйек айынан бастап қазіргі күнге дейін қызылшаның 23 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 5 науқастың қан сынамасы Ұлттық сараптама орталығының вирусологиялық зертханасында зерттеліп, қызылша оң мәнді болып шықты. Қалған күдікті 18 науқастың қан сынамасы зертханаға жеткізіліп, тексерілуде.
Өкініштісі, бұл індетке шалдыққандардың 83 пайызы 14 жасқа дейінгі бала. Атап айтсақ, 1-2 жас аралығында – 7 жағдай, 3-4 жас – 7 жағдай, 5-6 жас аралығында – 2 жағдай, 8 жас – 1 жағдай,13 жас – 1 жағдай, 14 жас – 1 жағдай. Ал ересектер бойынша 32 жас – 1 жағдай, 39 жас – 1 жағдай, 45-46 жас – 2 жағдай анықталып отыр.
Аудан бойынша 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы екпе алмаған және екпе статусы белгісіз 2087 тұрғын бар. Оның ішінде: 1 жастан 6 жасқа дейінгі екпе алмаған бала саны –687. Ал 6 жас пен 17 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар саны – 1310. Оның ішінде 247 баланың ата-анасы екпеден бас тартып отыр.
Бүгінде 2023 жылдың 28 наурызы күні облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы негізінде қызылшаға қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Екпе жүргізуге жоспарланған бала саны – 1750, қазіргі уақытта жоспардағы 1063 бала ККП екпесін алды. Олар 1 жастан 6 жасқа дейінгі – 341 және 6 жастан 17 жасқа дейінгі – 722 бала. Бұл көрсеткіш 60,7% құрап отыр.
Аурудың таралуы қызылшаға қарсы екпе алмағаннан болады. Сондықтан да вирустан сенімді қорғанудың бірден бір жолы Ұлттық егулер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация болып табылады. Бұл ретте ата-аналарға балаларының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда – қызылшаға қарсы профилактикалық егулер алу және қызылшаға қарсы егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын-сауық сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу ұсынылады.
Екпе бала бір жасқа толғаннан кейін үш айдың ішінде салынады. Одан соң алты жасында тағы салынады. Дәрігерлер екпе алмағандарға емханадан оны тегін салдыруға болатынын ескертеді. Қызылшаға қарсы егілгені немесе бұрын қызылшамен ауырғаны туралы мәліметтері нақты емес, қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар вакцина алуы қажет.
Қызылша – жылдам таралатын жұқпалы ауру. Бұл дертке шалдыққан науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алу – аурудың жұғуына әкелуі мүмкін. Алдын алу шарасы ретінде бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасау ұсынылады. Науқас адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармауға кеңес беріледі. Халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүру көмектеседі.
Г.ТӨЛЕПОВА,
аудандық аурухананың эпидемиолог-дәрігері