Жазғы мектепте 852 оқушы білім алуда

(0 Votes)

Білім беру жүйесіндегі биылғы жаңашылдық бойынша ауданға қарасты 9 білім беру ұйымдарында жазғы мектеп жобасы жүзеге асты. Қашықтан оқу кезінде игере алмаған тақырыптарын оқушылар қосымша сабақтарға қатысу арқылы үйренді.

26 мамыр мен 19 маусым аралығында үш аптаға созылған жазғы мектеп жобасында оқушылардың білім алуы ерікті түрде жүргізілуде.

«Жоба бойынша балалар онлайн оқу кезінде қалып қойған оқу бағдарламасын немесе терең түсіне алмаған тақырыптарды қайта қарастырып, пысықтайды. Мәжбүрлеу жоқ, білімін шыңдауға шәкірттің өзі ықыласты болуы тиіс. Ұстаздар да балалардың демалыс уақытын алмай маңызды сабақтарға мейілінше көңіл бөлуде»,- дейді білім беру бөлімінің басшысы А.Долдашев.

Жазғы мектеп бір мен он бірінші сынып оқушыларына арналған. Онда 85 мұғалім жұмылдырылып, 852 оқушы білім алуда. Карантин талаптарын сақтау үшін бір сыныпта 15 баладан артық отырмайды.

Жаратылыстану бағыты бойынша 1-4 сынып аралығында - 72 оқушы, 5-11 сынып бойынша - 468 оқушы білімдерін толықтыруда. Ал гуманитарлық пәндер бойынша 1-4 сынып аралығында - 35 оқушы, 5-11 сынып бойынша - 277 оқушы білім алуда.

Жазғы мектеп жұмысы 19 маусым күні аяқталады. Ал әзірге келер оқу жылы қай форматта өтетіні белгісіз. Білім және ғылым министрінің сөзінше, мектептердің жұмысы мұғалімдердің коронавирусқа қарсы вакцинаны егу көрсеткішіне байланысты шешілмек.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT