38 оқушы өнер мектебін аяқтады

(0 Votes)

Өрелі сөзден өрнек құрап, өнердің көрігін қыздырып жүрген өрендерімен мақтанатын Мақат балалар өнер мектебі биыл тағы түлектерін қияға ұшырды. Жеті өнердің басын құрап, шәкірттерін өнер атты бұлақтан сусындатып жүрген білім ошағы үздіктерін марапаттады. «Өнерім - өмірлік өренім» атты бітіруші шәкірттерге куәлік тапсыру салтанатына аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбол Темірбайұлы, әдістемелік кабинет меңгерушісі Индира Әміржанқызы, тәрбие жұмысы және қосымша білім беру ұйымдарының әдіскері Айнұр Мақсотқызы және мектеп бітіруші түлектердің ата-аналары қатысты.

2016-2017 оқу жылдары қабылданған шәкірттер зымыраған бес жыл уақыттан кейін өнер ордасымен қоштасты.

Биыл аталмыш мектепті 38 оқушы бітірді. Оның 22-сі озат түлектер. Салтанатты шарада «домбыра-тенор», «қобыз-прима», «сырнай», «дәстүрлі ән», «дауыс қою», «хореография», «бейнелеу өнері» бойынша білім алған түлектерге арнайы куәлік табыс етілді.

dsc_0429

Куәліктерді салтанатты түрде тапсырған мектеп директоры Д.Маулекенов өзінің құттықтау сөзінде өнер мектебі – талантты балалардың өнер әліппесін үйренетін, кәсіби өнердің биігіне қарай алғашқы қадам жасайтын қасиетті ордасы екендігін айтты. Сондай-ақ, бітірушілердің ата-аналарына мектеп жұмысына атсалысқандары үшін алғысын білдірді.

Жалпы биыл өнер мектебі 286 оқушымен аяқтаса, 143 оқушы озаттар қатарында. Өңірлік деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарып жүрген өнер мектебінің шәкірттері қай додаға салсаң да, қанжығасы майланбай қайтқан емес. Биылғы оқу жылында республикалық онлайн байқаулардан 115 оқушы, халықаралық байқаулардан 95 оқушы жүлделі орынға иеленді. Томағасы сыпырылған жас қырандай жас өрендер алда талай мәрелерде топ жаратыны анық.

dsc_0310

Мектеп оқытушылары шәкірттерімен бірге мерекелік күндерге арнап үш рет тікелей эфирде концерт берді.

Сондай-ақ, биыл мектепте Ерасыл Мұсаевтың жетекшілігімен жас мамандардан құралған «Шалқыма» фольклорлық ансамблі құрылды.

Балалар оркестрінің бас дирижері Маулекенов Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы болса, осы жылдан бастап мектеп түлегі Бекболат Ернар Бекболатұлы екінші дирижер қызметін атқарып жүр.

dsc_0285

Қалай болғанда да, ауданда жан-жақты қалыптасқан өнер мектебі қалыптасып келеді. Осы шаңырақтан жүздеген  шәкірт түлеп ұшқан. Қазір олардың көбі өз мамандықтары бойынша еліміздің жоғарғы оқу орындарында білім алса, енді бірі өнер ордаларына қайта оралып, шәкірт тәрбиелеуде.  Ертең олар да мұнайлы өлкенің түрленіп, түлеуіне өз үлестерін қосары анық.

 

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT