Тағы да бiр оқу жылы аяқталып, карантинге байланысты ауданда түлектер үшін соңғы қоңыраудың сыңғыры сәл кештеу соғылды. Маусымның 8-і күні аудан түлектері ұшқан ұя — мектебiндегi қызығы мен шыжығы мол сәттердi көз алдынан соңғы рет парақтады. Кеше ғана тарыдай боп кiрiп, бүгiн таудай боп шыққан қарлығаштардың алдында әлi талай асу бар.
Дүйсенбі күні Доссор мәдениет үйі алаңында «Ақ жол саған, жас түлек» атты түлектерге арналған мерекелік шара өтті. Бұл шарада барлық санитарлық нормалар сақталып, ара қашықтық ескерілді. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Шәкір Кейкин түлектерді құттықтап, сәттілік пен оң қадам тіледі. "Шын жүректен барлық мектеп бітіруші түлектерді құттықтаймын. Бұл өмірдің аса маңызды кезеңдерінің бірі. Аудан түлектері бүгін жаңа өмірге жолдама алып отыр. Енді, алдағы жоғары мақсаттарға қадам басатын кез келді. Сіздерді бұған дайын деп ойлаймын. Өйткені, алтын ұя мектептеріңіз жақсы білім бергеніне сенімдімін. Адамзаттың ұлы ойшылы Әбу-Насыр Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген. Ендеше, білім мен қатар тәрбиелі азаматтар болып өсті деп ойлаймын", - деді аудан әкімі.
Биылғы оқу жылында жалпы бiлiм беру ордаларын 230 оқушы тәмамдап отыр. "Алтын белгiге" үмiткерлер саны 14-ті құраса, үздiк аттестатты алуға 9 жас лайықты болды. Салтанат барысында аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы үздік түлектерді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың құттықтау хатымен және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, оқушыларға ерекше аттестат табыстап, «Алтын белгі» төсбелгісін тақты.
Шара барысында Х.Санбаев атындағы орта мектебінің түлектері «Түлектер биін» орындап, шараның көркін қыздырды. О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің түлегі Сергей Жандин және Б.Қанатбаев атындағы орта мектебінің түлегі Нұрсәт Құлымжанов білім нәрімен сусындатқан ұстаздарының еселі еңбегіне алғыстарын білдіріп, сөз сөйледі. Мағжан Жұмабаев ақын айтқан жалынды жастар - осы. Олардың мақсаты - елінің гүлденуіне өз үлестерін қосу. Әрине, ол үшін әлі талмай оқу керек. Сонда асу бермес асқар болмайды.
Шара соңын түлектер мен шара қонақтары көкке ақ көгершін ұшырып, қорытындылады.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі