Балалардың демалысын ұйымдастыру - қашанда маңызды мəселелердің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытындағы балалар мен жасөспірімдердің толық және тиімді демалуларына жағдай жасау мақсатында оқушылар үшін жазғы сауықтыру ауысымдары мен үйірмелер жұмыс атқарады.
Маусымның 4 жұлдызынан бастап Доссордағы Р.Ғабдиев атындағы балалар өнер мектебінде «Жалын» жазғы үйірмесі өз жұмысын бастады. Үйірменің мақсаты жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуін ұйымдастыру.
Лагерь домбыра, вокал, би және бейнелеу өнері бағыты бойынша жұмыс жасауда. Пандемияға байланысты әр бөлімдегі сабақ 15 минуттан өтеді. Санитарлық талаптар қатаң сақталып, балалар білікті педагогтар бақылауында болады. Үйірме жетекшілері де өз істерінің хас шеберлері. Жауапты Ғайни Ғинаятова болса, Жылқышиева Шолпан және Нұржан Сақуатов (домбыра), Биманова Алтынай (вокал), Динара Джукиева (бейнелеу өнері), Ұлжан Сәрсенғалиева (би) үйірмелері бойынша жетекшілік етеді. Ұстаздар тыңғылықты демалыс өткізу үшін көптеген қызықты әрі танымдық шаралар ұйымдастыруда.
Қазір мемлекет тарапынан әр баланың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру шаралары қатаң қолға алынуда. Жазғы демалысында асыр салатын балалар үшін өнер мектебі демалысты есте қаларлықтай етіп өткізуі үшін барын салып, игілікті істердің басы-қасынан табылуда. Қорыта айтқанда, «Жалында» жазғы демалысты тиімді өткізуге болады. Өйткені, нысанның оқушыларды қабылдауға деген дайындығы сақадай сай.
М.ІЗТҰРҒАНОВА