Мамандық таңдауда қателесуге болмайды

(0 Votes)

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған. Ол үшін ең алдымен мамандығыңызға деген махаббат керек. Қоғамның кетігін тауып, бір кірпіші болып қалану, қоршаған ортаңнан орныңды сайлау үшін де бір мамандыққа құрық салып игеру қажет. Осы орайда А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде 9-11 сынып оқушыларына арналған «Мамандық тандаудың сыры неде?» тақырыбында мамандық таңдау кеші өтті.

Шараға аталмыш мектептің түлектері қатысты. Олардың қатарында теміржолшы және ардагер журналист Қуат Мыңтұрғанов, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ның әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Саламат Ығылманұлы, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ның материалды техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы Бауыржан Сұлтанов, физика пәні мұғалімі Халила Жұмағазиева, аспаз Айжан Сидағалиева және жоғары оқу орындарында оқитын студенттер болды.

Маман иелері өздерінің мамандықты таңдауына не себеп болғандығын және бүгінгі күні өз кәсіптерінің маңыздылығына тоқталды.

Оқушыларға жүрек қалауын тыңдап, арманды мақсатқа айналдырса, болашақтың есігі қателеспей ашылатынын айтып жігерлендірді. Ол үшін білімді тал бесіктен жер бесікке дейін іздеуге шақырды.

Шара барысында түлектер технолог, мұғалім, дәрігер, өнер саласына байланысты мамандық таңдағанын айтса, енді бір дәнекерлеуші, архитектор кәсіптерін қалайтынын жеткізді.

Заман өзгерген сайын, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыстар, сәйкесінше, түрлі мамандықтар келді. Қазіргі жастарға шетел тілін білу, компьютерді жоғары деңгейде қолданып, оның әртүрлі бағдарламаларын игеру талап етіліп отыр. Оқушылардың таңдауынан байқағанымыздай, жастардың көбі кәсіптік мамандықтарға қызыға қоймайды. Неліктен олай? Қайта қоғам қажет етіп отырған зәру мамандықтарды игеруге тырысу қажет емес пе?! Сұранысы төмен мамандыққа оқып, жұмыс таппай дал болғаннан, қоғамға қажетті кәсіпті меңгеріп, өз ісінің шебері атанып, өмірде өз жолын тапқан әлдеқайда пайдалырақ болар еді...

М.ІЗТҰРҒАНОВА,

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521