Атырау облысында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында алты жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл бастаманың басты мақсаты – үш ауысымды оқытуды жою және оқушылар үшін қауіпсіз, заманауи әрі инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру.
Үш мектеп Атырау қаласындағы «Ақсай-2», «Жұлдыз-2» және «Жұлдыз-3» шағын аудандарында салынуда. Тағы екі мектеп Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында, біреуі Құлсары қаласында бой көтеріп жатыр. Жаңа стандарт бойынша білім беру үдерісіне қажетті барлық жағдайлар қарастырылған: мамандандырылған кабинеттер, STEM-залдар, зертханалар, кітапханалар, акт және спорт залдары, асханалар, медициналық және психологиялық кабинеттер. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да айрықша көңіл бөлінуде — кедергісіз орта, арнайы ресурстар мен инклюзивті оқытуға қолайлы жағдайлар жасалуда.
Мұндай өзгерістердің маңызын Г. Мүсірепов атындағы №5 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тойған Жұмағалиева да атап өтті. Көп жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде ол балалармен тығыз жұмыс істеп, мектептегі ортаның маңызын жақсы түсінеді:
— Мектеп — бұл жай ғана сабақ өтетін орын емес, ол — баланың өмірінің бір бөлшегі. Мұнда ол тұлға ретінде қалыптасады, қарым-қатынас жасауды, жауапкершілікті, құрмет көрсетуді үйренеді. Ал оның мектепте өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі — мотивациясына, өзіне деген сеніміне және оқуға деген ықыласына тікелей әсер етеді, — дейді ол.
Оның айтуынша, жаңа мектептердің тек ірі қалаларда емес, шалғай елді мекендерде де салынуы — әділетті шешім:
— Бұл – өте дұрыс әрі орынды қадам. Әрбір бала, тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндікке ие болуы керек және өзіне көңіл бөлініп жатқанын сезінуі қажет.
Ұстаз инклюзивтілікке деген көзқарастың өзгергенін де оң бағалайды:
— Бұрын мұндай мәселелер көп талқыланбайтын. Қазір нақты жағдайлар жасалып жатыр. Кедергісіз орта, арнайы кабинеттер, логопед пен психологтың жұмысы — мұның бәрі әр баланың маңызды екенін білдіреді. Біздің мектепте де осындай сыныптар бар. Мен бұл өзгерістердің балаларға қалай әсер ететінін күнделікті көріп жүрген жан ретінде сеніммен айта аламын — мұндай тәсіл өте қажет. «Келешек мектебі» — бұл тек жаңа ғимарат пен заманауи жабдық емес. Бұл — өзара құрмет, сенім мен тең мүмкіндіктерге негізделген орта, — дейді Тойған Жұмағалиева.
Ұстаздың пікірінше, егер жаңа буын лайықты жағдайда өсіп, өзіне деген қамқорлық пен қолдауды сезініп ержетсе, еліміз де сенімді әрі мағыналы бағытпен ілгерілей береді.