Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ал шәкірт тәрбиелеу – болашаққа салынған алтын көпір. Осы бір жауапты жолда аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиелеуге арнаған жандардың бірі – Маржан Кетебаева.
Бүгінде аты тек өзі қызмет ететін ұжымның ғана емес, аудан жұртшылығының мақтанышына айналған ардақты ұстаз – Мақат кентіндегі «Ең үздік ауыл мектебі» атағына ие №2 бастауыш мектебінің тәжірибелі мұғалімі, халықаралық деңгейде мойындалған «Халық мұғалімі» медалінің иегері. Ол 37 жылдан астам уақыт баланың жүрегіне білімнің шырағын жағып, адамдықтың алғашқы әліппесін үйретіп келеді.
Маржан Елемесқызының ғұмыр жолына үңілсек, оның өмірлік таңдауын жүректің үнімен жасағанын аңғару қиын емес. Ол 1970 жылдың 4 желтоқсанында Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылындағы Кенбай елдімекенінде дүниеге келген. Кішкентайынан өнерге құмар болып өскен ол домбыра мен гитараны қатар меңгеріп, сахна төрінде еркін өнер көрсеткен өнерпаздардың қатарында болды.
« Алғаш білімімді Доссор кентіндегі С.Шарипов атындағы мектеп-интернатта алдым. Ондағы 10-шы сынып оқушылары менің дарынды әрі шығармашылық қабілетімді байқап, Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебіне жетелеп апарды. Сол жерде қыздар ансамблінің белді мүшесі болып өнер жолында тәжірибе жинадым. Алайда, кейіннен өмірлік бағытымның ұстаздық екенін түсініп, Мұқыр ауылындағы мектеп-интернатқа ауыстым. Мұқырдағы мектеп- интернатты бітірген соң Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы университетіне оқуға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгердім», – дейді кейіпкеріміз.
Содан оқуды аяқтап, 1988 жылы тәрбиеші ретінде бастаған Маржан Елемесқызының ұстаздық еңбек өтілі 90-шы жылдары толыққанды мектепке ауысып, 1995 жылдан бастап Мақат кентіндегі Л.Шахатов атындағы орта мектебінде жалғастырады.
Ал 2005 жылдан бері Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектепте абыроймен еңбек етіп келеді. Ол ұстаздықты жай мамандық деп емес, жүрекпен таңдалған өмірлік жол, тағдырлық міндет ретінде қабылдайды.
« Біреудің баласы деп оқытпаймын. Өзімнің баламнан да артық тәрбие, білім, өнеге беруге тырысамын. Өйткені, олар елдің ертеңі», - деді ұстаз Маржан Елемесқызы.
Иә , бастауыш сынып оқушыларына тек әріп танытып, сан үйретумен шектелмей, баланың жан-дүниесін тәрбиелеуге, талантын ашуға, қабілетін шыңдауға айрықша көңіл бөледі. Жетістіктің ең үлкені – тәрбиеленушінің талабы. Осы қағиданы ұстанған ұлағатты ұстаздың шәкірттері бүгінде еліміздің үздік байқауларында жүлдегер атанып жүр. Солардың бірі – Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық математика олимпиадасының қола жүлдегері Нұрсәт Орынбай. Сонымен қатар бастауышты бітірген оқушылары да ұлттық гимназияларда үздік оқушылар қатарында.
Бұл тек ұстаз еңбегінің жемісі ғана емес, оның шәкірттеріне деген шексіз сенімінің нәтижесі.
Маржан Елемесқызы балаларды тек білімге ғана емес, өнерге, адамгершілікке, ізгілікке баулиды. Оның тәрбиелеген оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларда жүлдегер атанып, ауданымыздың атын асқақтатып жүр.
Маржан Кетебаева – жан-жақты тұлға. Ұстаз ғана емес, шебер қолөнер иесі, әсем дауысымен ән де салып, сазгерлік өнерден де алыс емес. Гитараны шебер меңгеріп, өзі шығарған әндерін аудандық және облыстық сахналарда сүйемелдеп орындап жүр. Оған дәлел ауданның 100 жылдығында авторлық туындыларымен ел ықыласына бөленді.
«Өнерді тәрбиенің бір бөлшегі ретінде қарастыруға тырысамын. Баланың ішкі әлемін ояту, сенімін арттыру, рухын көтерудің бір жолы – шығармашылық», - дейді ол.
Мұны тек теория жағынан ғана емес, практикалық деңгейде дәлелдеп жүргенін шәкірттерінің жетістігі көрсетіп отыр.
Осы ретте кейіпкеріміздің көп жылғы еңбегі мен адалдығы ескерусіз қалған жоқ. Ол ұстаздар арасындағы ең беделді марапаттардың бірі – Құсейін Айтқалиев атындағы «Халық мұғалімі» медалінің иегері. Бұл тек жеке марапат емес, бүкіл бір буынның, ата-аналар мен әріптестер қауымының ортақ алғысы мен ризашылығы.
Мектептегі педагогикалық қызметімен қатар, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде де белсенді жұмыс атқарған. Ұжымшылдық пен жауапкершілік – оның басты ұстанымдарының бірі.
Айта кетейік, қазан айының алғашқы аптасы – мұғалімдер қауымына деген құрмет пен алғысқа толы ерекше мезгіл. Осы мерейлі шақта бар ғұмырын білім мен тәрбиенің қасиетті жолына арнаған Маржан Елемесқызына біз де шынайы алғысымызды білдіреміз.
Ұстаз – болашаққа қаланған сара жол. Сізге қарап ертеңгі ұрпақ өседі. Сізге қарап елдің болашағы қалыптасады. Осындай жүрек жылуын шәкірттеріне арнаған ардақты ұстазға мың тағзым!
Г.ЖҰБАНЫШҚАЛИЕВА