Ұстаз болу – ұлы мәртебе

Ұстаз болу – ұлы мәртебе
(0 Votes)

Алты алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деген ұлағатты сөзі ұстаздардың қоғамдағы рөлінің ерекше екенін айқындайды.

Қазан айының 5-ші жұлдызы Мұғалім күні болып бекітілген. Мереке қарсаңында ауданымыздағы Мұса Баймұханов атындағы орта мектептің директордың бейіндік оқыту бойынша орынбасары,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Марияш Балтабайқызын ерекше атап өту артық болмас. Ол – білімі мен тәжірибесін ұштастыра білген, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан нағыз ұстаз.

Марияш Балтабайқызы 1966 жылы 25 қарашада Гурьев облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылында дүниеге келді. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол, 1983 жылы Махамбет атындағы орта мектепті аяқтайды.

Өзі ұлағатты ұстаз болған соң ба, кейіпкеріміз алғашқы білім ордасы мен әріп танытқан алғашқы мұғалімдерін тебірене еске алады:

«Мен білім алған Махамбет атындағы орта мектеп — талай шәкіртті қанаттандырған іргелі білім ошағы. Осы мектепте оқығаныма әрқашан мақтанамын! Өйткені бұл мектептен түлеп ұшқан түлектердің бәрі — елге елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Менің алғашқы ұстазым — Жамал Досанова. Қолымызға алғаш қалам ұстатқан ардақты жан жадымда әрдайым мейірімді қалпымен сақталып қалды. Ұстазымыз көзі тірісінде бізбен тығыз қарым-қатынаста болды. Шәкірт пен ұстаз арасындағы байланысты ешқашан үзген жоқпыз. Ал жоғары сыныпқа өткенде сынып жетекшіміз әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сазанбай Қашқынғалиев ағайымыз болды. Дәл осы ағай менің осы пәнге деген махаббатымды оятты», – деп еске алады бала күнін.

Иә, жақсы ұстаз баланың қиялына қанат бітіріп, арманына жол сілтейді. Сол себепті де Марияш Балтабайқызы мұғалімдік жолды таңдауда өз ұстаздарының әсері ерекше болғанын айтады.

«Әлі есімде, 7-сыныпқа енді аяқ басқан кезіміз. Сансызбай ағайымыз бір күні сабақ үстінде «Болашақта мен кім боламын?» тақырыбында шағын ойтолғау жазуға тапсырма берді. Бәріміз мұғалімнің тапсырмасына құлшына кірістік. Уақыт аяқталған соң жазғандарымызды оқи бастадық. Кезек маған да келді. Мен өз ойтолғауымда болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келетінін жазыппын. Ағайыма менің жазу мәнерім, сөз оралымдарым қатты ұнады. Ол болашақта жақсы ұстаз болатыныма сенім білдірді. Сол кішкентай ғана сенім менің жүрегімде осы мамандыққа деген махаббаттың шоғын тұтатты. Сөйтіп мен сол сәтте-ақ өз болашағымды таңдадым», – дейді кейіпкеріміз шынайы сезіммен.

Кейіпкеріміздің әдебиетке, кітапқа деген сүйіспеншілігін ұстаздарынан бұрын оның отбасы оятқан. Әкесі әр мереке, туған күн сайын сыйлық ретінде қызына жаңа кітап тарту етіп, оны әдебиеттің мол әлемімен таныстырған.

«Әкем біздің білім алуымызға ерекше мән берді. Ол да, анам да кітап оқуды жақсы көретін. Таң атысымен көзімді ашсам, әкем үнемі дауыстап кітап оқып отыратын. Кейде анам екеуі шығарма кейіпкерлеріне еніп, солармен бірге күліп, бірге жылайтын. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі демекші, мен де сол ортада өсіп, әдебиетке жақын болдым. Бұл да ұстаздық жолды таңдауыма себеп болды», – дейді Марияш Балтабайқызы.

Мектепті аяқтаған соң кейіпкеріміз ауылшаруашылық саласында еңбек еткен. Алайда жастайынан жүрегіне ұялаған мұғалім болсам деген асқақ арман оны ұстаздық  жолына алып келді. Осы мақсатпен 1986-1991 жылдары аралығында Гурьев педагогикалық институтында білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік аяқтады.

Институт қабырғасынан кейін туған ұясына айналған оқу ордасында, яғни қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушылық қызмет атқарды. Бұл жылдар – оның ғылым мен әдістемеге ден қойған, білім беру ісіне жаңа леп әкелген кезеңдерінің бірі болды.

1996 жылы отбасылық жағдайына байланысты Мақат кентіне қоныс аударып, өмірінің жаңа парағын ашты. Осы кезден бастап ол мұнайлы мекендегі іргелі Ұлы Отан соғысының қаһарманы, Мұса Баймұхановтың атына берілген іргелі мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп бастайды.

«Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілікті, жан жылуын, сабыр мен мейірімділікті талап ететін ұлы миссия. Әр сабақ – зор таным. Олар үйренсем, білсем деген талабын шыңдау біздің басты парызымыз. Сабақ берумен қатар, оқушылардың рухани дүниесін байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беру керек»,-дейді ұлағатты ұстаз.

Мектеп – оның екінші үйіне, оқушылар – өз баласындай жақын жандарына айналды. Әрбір жетістікке жеткен шәкірті – оның тынымсыз еңбегінің жемісі, өмірінің мәні болды. Жаңа ортаға сіңісіп, ұжымның сеніміне ие болған ол ұстаздық жолдың – білім ғана емес, тәрбие мен жүрек жылуын қатар алып жүретін биік жол екенін дәлелдеді.

Ұстаздық жол — тек білім беру емес, ол жүректен шыққан ұлы қызмет. Марияш Балтабайқызы — ұстаздықты өмірлік ұстанымына айналдырып қана қоймай, оны шығармашылықпен ұштастыра білген дара тұлға.

Марияш Балтабайқызы – отбасылы. Жолдасы өндіріс саласында еңбек етеді. Отбасында 3 бала тәрбиелеп өсірген. Ұлдары – инженер, қызы – мұғалім. Екі келіні бар. 2 немере сүйіп отыр.

Ұстаздық жолды басты миссиясы санай жүріп, Марияш Балтабайқызы шығармашылыққа да ерекше ден қойған. Оның қаламынан шыққан еңбектер – рухани қазынамызға қосылған құнды мұралар. Ұстаз бірнеше әдеби, өмірбаяндық, әдістемелік жинақтардың авторы әрі құрастырушысы ретінде танымал.

 Атап айтқанда «Айтарым бар өзіңе, Әке» атты өмірбаяндық кітаптың, М.Сабуғалиевтың «Әке жолымен», А.Альмуханованың «Абыройы асқақ азаматым», Б.Сүлейменовтің «Мәңгі жарық күн сыйла» кітаптарының әдеби нұсқасын жасаған. «Сағыз мұнай өндіру кәсіпшілігі» кітабының, «Парыз» әдістемелік құралының, «Шуақты ғұмыр», «Ақжайықтан қанат қаққан», «Қайрат Ищанов» («Мұнайшы» қоғамдық қоры. Алматы қаласы. 2023 жыл), «Бірегей», «Әке жолы жалғасуда»  кітаптарының авторы.

Марияш Балтабайқызы – бір жағынан, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз болса, екінші жағынан, ұлттық руханиятқа қаламымен үлес қосқан шығармашыл тұлға. Ол отбасы құндылығын жоғары қоя білген ардақты ана, өмірін білім мен тәрбиеге арнаған жанашыр жан ретінде де көпке үлгі.

Жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік, ұлттық рух пен тілге деген құрметті дарыта білді. Жылдар бойғы адал еңбегі мен ізденісі нәтижесінде шәкірттерінің құрметіне, әріптестерінің сыйына бөленіп, ұлағатты ұстаз ретінде танылды. Ұстаздық — оның жүрек қалауымен таңдаған, абыроймен атқарып келе жатқан өмір жолы.

Ж.Қамза

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT