Мәртебелі мамандықтың иесі

Мәртебелі мамандықтың иесі
(0 Votes)

Күнделікті сабақ, сыңғырлаған қоңырау үні, асыққан оқушылар мен сынып ішіндегі тыныштық пен тәртіп – осының бәрі ұстаздың күнделікті әлемі. Бірақ сырт көзге қарапайым көрінетін бұл күндердің әр сағаты – сансыз дайындық пен жауапкершіліктің жемісі.

Бүгін біз оқырман жүрегінен орын тапқан «Маманмен бір күн» айдарының кезекті санында ұстаздың бір күндік жолын бірге жүріп, сол көрінбейтін еңбектің көрінісін зерделемекпіз.

Иә, балаға білім беру – тек оқулықтағы мәтінді түсіндіру емес, оған сенім беру, болашағына жол ашу. Осы мақсатта бар ғұмырын шәкірт тәрбиелеу жолына арнап, қазақ тілі мен әдебиетін өмірінің өзегіне айналдырған  мұғалімдердің бірі – Мөлдір Несіпбаева.

Ол бүгінде өзі білім алған оқу ордасында  ұстаздық қызметтен бөлек, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. Оның әдеттегідей жұмыс таңы сағат 08.00-ден бастау алып, кешкі сағат 19.00-ге дейін жалғасады.

Сәрсенбінің бозара атқан таңында мектепке келген кейіпкеріміз алдымен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретіндегі міндетіне кірісіп, құжаттарды реттеу, бақылау, ұйымдастыру жоспарын қарап, мұғалімдердің сабаққа қатысу кестесін бір шолып шықты.

Одан әрі сағат 09.00-де өзінің кезекті сабағына әдістемелік құралдар мен көрнекіліктерді әзірледі.

«Мен 1997 жылдың 30 қыркүйегінде Мақат кентінде дүниеге келдім. Мектеп табалдырығын 2004 жылы осы кенттегі Латиф Шахатов атындағы орта мектептен аттап,  2015 жылы аталған білім ордасын тәмамдаған болатынмын. Кейіннен сол жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 2019 жылы оқу орнын «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп шықтым.

Одан әрі 2021–2023 жылдар аралығында Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқып, «Педагогика ғылымдарының магистрі» академиялық дәрежесін алдым. Қазіргі таңда өзім түлеп ұшқан мектебіме қайта оралып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарудамын. Ұстаздық жолдың басты мақсаты – тек білім беру емес, сонымен қатар шәкірттің жүрегіне жол тауып, оны ізгілікке, отансүйгіштікке, адамгершілікке баулу. Әрбір оқушының жетістігі – менің еңбегімнің айнасы, әрбір шәкірттің арманы – менің жауапкершілігім деп білемін»,- дейді Мөлдір Әнуарқызы.

Әрмен қарай сағат тілі 10.00-ді көрсеткен шақта “Time to share” жобасы аясында мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсеткен кейіпкеріміз, сағат 12.00 мен 12.45 арасында апталық жұмыс барысына арналған кезекті жиналысқа қатысты.

Одан шыға бере уақыт белдеуі түскі 12.50-ге таяған шақта ол 11 “А” сыныбына қазақ тілі факультатив сабағына кіріп, «Қазақ тіліндегі стиль түрлері және олардың қолданылу ерекшеліктері» тақырыбында сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушыларға практикалық тапсырмалар беріп, жеке және жұптық жұмыстар ұйымдастырды.

Күннің белортасы ауған шақта, дәл 14.00-де ұстазымыз 8-сыныпқа әдебиет пәнінен Қожа Ахмет Ясауидің «Даналық кітабына» қатысты деректер айтып, оның тәрбиелік мәні мен сопылық ілімдегі орны туралы дәріс өткізді. Оқу сағатында ол оқушыларға хикметтерден үзінділер оқып, негізгі ойды талдады.

Ал, 14 сағат 45 минутта ұстаз 6-шы сынып оқушыларына әдебиет пәнінен «Алып Ер Тұңға» жыры тақырыбында рухани әлемге жетелейтін сабақты бастады. Сабақ барысында оқушылар жырдың тарихи маңызы мен көркемдік ерекшеліктерін талдады. Кейіпкердің батырлық бейнесіне тоқталып, жырдан алынған үзінділерді мәнерлеп оқыды. Топтық жұмыс арқылы жырдағы басты идеяны “Құндылықтар спектрі”  әдісіне салып, талқылады. Осылайша кейіпкеріміздің сәрсенбі күнгі сабақ беру жоспары кезегімен жылжып, сағат 17.05-те аяқталды.

Кейіпкеріміз әрмен қарай сағат тілі 17:10 мен 19:00 аралығында ертеңгі сабақ кестесіндегі өзгерістерді жасап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретіндегі жұмысын жалғастырды.

«Ұстаздың әрбір күні – шәкірт тәрбиесі мен білім беруге арналатын жауапты да мазмұнды уақыт. Сол сабақ уақыты кезінде мен оқушыларды білімге, ізденіске баулуға бар күшімді саламын. Әр сабақта оқушылардың қызығушылығын арттыруға, ойлау қабілеттерін дамытуға, әдебиеттің сұлулығын сезіндіруге тырысамын. Өйткені шәкірттің әрбір табысы – мен үшін ең үлкен қуаныш»,- дейді Мөлдір Несіпбаева.

Иә, ұстаз болу – тек білім беру емес, шәкірт жанын танып, оны жетелеу. Осы жолда ол  білім беру ісімен ғана шектелмей қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, шәкірттерін сөз өнерінің сырлы әлеміне жетелеп жүр. Сөзімізге дәлел, ол бүгінде аудан бойынша «Ақындыққа баулу» үйірмесін жүргізіп, өлеңге құштар оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, жас таланттардың қанаттануына ықпал етіп келеді.

«Бүгінгі жұмыс күнімде әр сыныпқа жоспарланған сабақтарды өткізіп, оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған түрлі әдіс-тәсілдерді қолдандым. Осылайша сабақ барысында шәкірттерімнің белсенділігі артып, шығармашылық ойлауға ынталанды. Күн соңында білім ордасындағы құжаттарды реттеп, алдағы жұмыс жоспарымды пысықтадым. Жалпы алғанда ұстаздық маған тек мамандық емес, өмірлік мұра. Сондықтан да ұстаз ретінде ең үлкен арманым – еліміздің болашағына өз үлесін қосатын білімді, дарынды, парасатты ұрпақ тәрбиелеу»,- дейді кейіпкеріміз.

P/s: «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Ал, осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің бір күндік жұмыс күні осылайша сағат 19.00 шамасында аяқталды. Бұл уақыт - ұстаз еңбегінің қаншалықты жауапты әрі қажыр-қайратты қажет ететінін тағы бір мәрте көрсеткендей.

Б.Қасымова

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT