Жол бойындағы жабайы сауда

(0 Votes)

«Жабайы сауда» біреулердің күнделікті тұрмысына ортан қолдай табыс әкелсе, сыртқы келбетке орасан нұқсан келтіріп отырғанына сөз жоқ. Дегенмен, «жабайы сау­даны»­ жап­пай жойып жіберуге әзір ешкімнің де  шама­сы жетер емес.

Ауданымызға жан-жақтан қатынайтын жолаушыларды енгізер алып қақпаның бірі - теміржол бойы. Сондықтан перрон сиқының талапқа сай болмағы – мақаттықтарға сын.  Әсіресе, жолаушылар пойызы қатынаған тұстағы көрініске көңілің толмайды. Өйткені, ол кезде  перрон бойындағы  қалай болса, солай жайрап тұрар үстелдер мен жәшіктерден көз тұнады. Олардың орнын санитарлық талапқа сай дүңгіршектермен ауыстыруға әбден болады.

Мәселені  осылайша көтерген желілік ішкі істер бөлімінің басшылығы жол бойындағы саудамен айналысушы бірнеше азаматпен түсінік жұмыстарын жүргізіп, белгіленбеген орында сауда жасаушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-бабы бойынша жауапкершіліктерін түсіндіріп, әкімшілік хаттама жасақтады. Бұл жөнінде бізбен арнайы хабарласқан станса бастығы Ернұр Құлманов мәлім еткен болатын.

Бала-шағаның қамын алға тартқан сауда жасаушылар да қарап қалмады. «Онда сауда жасауға орын белгілеу жұмысы үйлессе» деген өтініштерін білдірді.

Өтініш негізінде кент әкімі Е.Ермағанбетов, тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы Г.Тоғаева, Атырау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысы В.Айсұлтанова және желілік ішкі істер бөлімінің  қызметкерлері тұрғындармен кездесті.

Кездесу барысында  белгіленбеген орында сатылып жатқан тағамдардың санитарлық нормаларға сай келмейтіні белгілі болды. Олай деуімізге себеп, «жабайы сауда» жасап тұрғандарда санитарлық сертифи­кат­ бол­май­тын­дықтан, адамның сол жердегі өнім­нен уланғанын дәлелдеу де қиын. Санитарлық ережелерге сай келетін арнайы киім­мен қамтамасыз етілмегендігін былай қой­ған­да, толып жатқан олқылықтардың да анықталатыны сөзсіз.

Бүгінде әлемді жайлаған пандемиядан да айылды жиып, санитарлық талапты ескеріп жатқандары шамалы. Жолаушыдан саудагер немесе керісінше жұқтырып алу қаупі де өршіп тұр.

Осы кездесу барысында белгілі болғанындай, айналасы алақандай перронда тұтынушы құқы бұзылғаннан бөлек, нәпақасын табуға ниеттенген жанның да өтінші таяу арада қанағаттанбасы анық. Өйткені, көптің көкейінде жүрген перрон мәселесінің шешімін табуы алдағы күннің еншісінде. Сонымен бірге сауда дүңгіршектері де сол кезде бой көтері анық.

Ал, дәл қазір немесе күні ертең жолға қойылғалы тұрған жол бойындағы сауданың шеті көрінбейді. Олай болса, санитарлық норма жеке сауда жасаушы кәсіпкер ретінде тіркеліп, дүңгіршекте  ғана сатуға рұқсат ететіндігін ескеру ғана қалды. Өйтпегенде, шешімі қандай?

ЖПБ басшысы Е.Құлманов: «Ол бір күндік жұмыс емес. Қазір біз сол бойынша тексеру жүргізіп жатырмыз. Қазір «жабайы сауда» әлі де  жалғасып жатыр» деді.

 Иә, «Наным бар, наным бар дегенше, жеп тынған артық» демекші, заң талаптарына сәйкес қай мәселенің де нүктесін уақытында қойған дұрыс-ау...

Г.САЛИКОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT