Мақат кентіндегі алды 1960 жылдары салынған көпқабатты үйлердің жағдайлары сын көтермейді. Әсіресе үйлердің шатырлары мен қасбеттерінің тозығы жетіп, қазіргі таңда жарамсыз күйге түсіп, кенттің сәулеттік келбетін бұзып тұр. Бұл мәселе аудан әкімінің тұрғындармен есептік кездесулерінде жиі көтеріліп жүрген мәселе еді.
Ағымдағы жылдың ортасында 12 көпқабатты үйлерді шатырлау және қасбеттеріне күрделі жөндеу жасау бойынша Мақат кенті әкімдігі аппаратымен жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жарияланғаны туралы жазған болатынбыз. Конкурс қорытындысымен қыркүйек айында «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс монтаж жүргізуге жеңімпаз болып анықталды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарынан білгеніміздей, қазіргі таңда С.Мұқашев көшесіндегі 80/8 үйді шатырлау және қасбеттерін жөндеу, 80/7, 80/5 үйлерін тек шатырлау жұмыстары басталып кетті. Құрылыс монтаж жұмыстарының ақталуы 2023 жылға жоспарланған.
Ал, С.Мұқашев көшесіндегі 18/2, 18/6, 35а, С.Бекжанов көшесіндегі 13а, 13б, 13г, 13д, Мұнайшы газетінің 60 жылдығы көшесіндегі 12/1, 12/3 үйлерін шатырлау және қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу келесі жылдың еншісіне қалып отыр.
Бұл ретте аудан әкімі Ринат Ибрагимов шатыр құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлердің жұмыс барысымен танысып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
А.ЕСЖАН
Фото: М.Ізтұрғанованікі