Табиғаттың тосын мінезі санаулы сағаттың ішінде қос бірдей кент ішінің астан-кестенін шығарды.
Секундына 25 метрге дейін жүйіткиді деп күтілген желдің екпініне біраз нысандардың шатырлары шыдас бермеді.
Мәселен, Мақат кентіндегі саз мектебі мен Доссордағы О.Сарғұнанов және С.Шарипов атындағы орта мектептің төбесі сондай-ақ 90/1 көп қабатты тұрғын үйінің шатыры жұлынып, абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. 80/3, 90/1-і көпқабатты тұрғын үй тұрғындарына төбе шатыры ұшып құлау қаупі барын әкімдік тарапы да әлеуметтік желілер арқылы ескертіп үлгеруде.
Тіпті түбі цементпен бекітілген кейбір жарық бағандары да белі ауыратын адамдай еңкейіп әрең тұр.
Алдына салғанын дедектетіп, бүйіріңнен түртпектей жөнелетін желге қарсы жаяу жүру де оңай болмай тұр. Сондықтан сәл сабыр етіп, әсіресе кішкентай балаларымызға абай болайық!
А.Садыков