Қазақ халқы «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» деп бекер айтпаса керек. Сондықтан, осынау жауапкершілігі мол мамандықтың қыр-сырын жетік меңгерген, ыстығы мен суығына төзіп, балаларға білім беріп қана қоймай, тәрбиелік бағытты ұштастыра білген ұстаздың мәртебесі қай кезде де жоғары.
Осындай елге қадірлі, ұжымға беделді ұстаздар қатарын толықтырып жүрген жанның бірі – Жазира Жанайқызы. Ол бүгінде Л.Шахатов атындағы орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Өзіне артылған сенімді ақтай отырып, табысты еңбек етумен қатар шәкірт тәрбиелеп жүрген кейіпкеріміздің ұстаздық жолға келгеніне 10 жылға жуық уақыт болған. 1990 жылы 28 тамызда Мақат кентінде дүниеге келген Жазира бүгінде өзі еңбек етіп жүрген Л.Шахатов атындағы орта мектепте 9-шы сыныпқа дейін білім алған. Кейіннен 10-11 сыныпты Х.Санбаев атындағы орта мектепте жалғастырған ол мектепті аяқтаған соң, 2008 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, екі шет тілі мамандығын алып шығады.
2012 жылы жоғары оқу орнын бітірген жас маман бірден ұстаздық жолға келеді. Алғашқы жұмысқа кіріскен күннен-ақ тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, олардың сабақ беру әдісін үйрене бастайды.
«Алғашқы еңбек жолым промсол Ескенедегі С.Зорбаев атындағы орта мектептен бастау алды. Сол жылдары Ескене елдімекенінің халқы Атырау қаласына көшуіне байланысты, 2014 жылы Л.Шахатов атындағы орта мектебіне мектеп тәлімгері болып орналастым. Одан кейін 7 жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, қазіргі таңда директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін», - дейді ол.
Жауапкершілігі мол қызметте еңбегі ескеріліп, қызмет мәртебесі үнемі сатылап өсіп жүрген Жазира бала күнінде заң қызметкері болуды армандаса керек.
«Әкем мұнайшылар әулетінен шықса да, теміржол саласына еңбегі сіңген үздік теміржолшы. Анам үй шаруасында жүріп, балаларына тәрбие-тағылымын беріп келеді. Жалпы, ұстаздық жолға келуіме, оның ішінде ағылшын тілін таңдауыма да анам себепкер болды. Бала кезімде форма киген мамандарға, олардың жұмыстарына қатты қызығып, заң қызметкері болуды армандаған едім. Алайда, ұстаздық жолды таңдадым. Десе де, таңдауыма еш өкінбеймін, оқушылармен жұмыс жасаған ұнайды. Оларды жарысқа дайындау, жарысқа қатысқаннан кейін үздік нәтиже көрсету, оқушыларыңмен бірге қуану – бұл ерекше сезім сыйлайды. Жұмыс жасау барысында әр түрлі қиындықтар кезігіп жатады ғой. Әсіресе үштік одақпен жұмыс жасау барысы, күрделі жоспарларды жүзеге асыру, ауқымды жобаларды ұйымдастырудың өзіндік қызықтары мен қиындықтары болып тұрады. Бірақ, оның бәрін бар ниетіңмен атқарсаң, оның қиындығы да байқалмай қалады. Тек еңбекке деген құлшыныс болса жеткілікті», - дейді Жазира.
Басшылық қызмет атқару арқылы өзінің кәсіби біліктілігін шыңдап, мектептің оқу үдерісінің жұмысын жандандыруға үлес қосып жүрген ұстаз өзінің үздік шәкірттерімен мақтанатындығын жеткізді.
«Негізінде алдыңа келген шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, олардың білімге деген құштарлығын оята алу – ұстаз үшін үлкен жетістік. Бүгінде ұстаздық жолда тәрбиелеп, бағыт-бағдар берген, жоғары оқу орындарында оқитын үздік шәкірттерім жетерлік. Мен олармен үнемі мақтанып отырамын. Өйткені, ұстаздың бар мақтанышы, айнасы – ол шәкірті», - дейді Жазира Жанайқызы.
Иә, әр шәкірті өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, адал еңбек пен төккен тердің ақталғаны осы шығар. Білім саласына өзіндік үлес қосып, еңбек етіп жүрген кейіпкеріміздің бүгінде алған марапаттары жетіп артылады. Айталық, жақын ғана облыстың білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Мереке тұсында кейіпкеріміз Жазира Жұмахметова ұстаздар күнінің көпшілік жақсы көретін мереке екендігін жеткізіп, мектеп ұжымының жетістіктерін айтып өтті.
«Ұжымым өте керемет, ұйымшыл, қай-қай істеде көш бастайтын, білікті, білімді жандарға толы десем болады. Жақында ғана жаңа буын мектебі жобасы аясында үздік бестік қатарына еніп, мерейіміз асқақтады. Мұның бәрі мектебіміздегі ұстаздар қауымының өлшеусіз еңбегі. Осы ретте ұстаздық жолында жүрген барлық әріптестерімді айтулы мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздар қауымына толағай табыс, шығармашылық идеялар және басты байлық денсаулық тілеймін! Шәкірт жетістігі арқылы мерейіміз таси берсін!»,- деп ізгі тілегін жеткізді.
Шынында, ұлттың болашағы ұрпағында болса, ұрпақтың тәрбиесі – ұстаздың қолында. Сондықтан, қадір-қасиеті мол, шексіз жауапкершілікті қажет ететін маман иелерінің еңбегі қашан да өлшеусіз.
Ә.ҚАСЫМ