Мақаттық жұртшылық ауданның Құрметті азаматы, өлкетанушы, ардагер мұнайшы Орақ Деңгелбаевты жақсы таниды. Өз өлкесінің тарихын тереңінен зерттеген ол бүгінгі күні ауылдың абызына айналып үлгерді. Сондықтан мұнайлы өлке туралы тың дерек білгісі келген жанның барлығы Орақ Ерғалиұлының көмегіне жүгінеді.
Бұл күнде жетпістің жетегінен асқан ақсақал жеңістің 65 жылдығына арналған «Сөнбейді жеңіс алауы», Доссор мұнайының 100 жылдығына арналған «Атамұнай», Мақат ауданының 95 жылдығына арналған «Мұнайлы елім-ертеңім, шырайлы жерім-желкенім», Мақат локомотив пайдалану депосының 50 жылдығына арналған «Тасымалда - жарты ғасыр» секілді көптеген еңбектердің редакция алқасында болған. Жергілікті жазушының жақында тағы бір еңбегі жарық көрді.
Есімі мұнайлы Ембінің одаққа белгілі болған бұрғылау шебері, екі мәрте Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, екінші және үшінші шақырылған Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты Рамазан Есқариевтың тағылымды еңбек жолы, бай тәжірибесі, қоғамдық өмірдегі күрескерлік қызметі туралы жазылған «Рамазан Есқариев - бұрғылау шебері, халық қалаулысы» атты деректі ғұмырнамалық кітаптың тұсаукесері аптаның сейсенбісінде аудандық орталық кітапханада өтті.
Автордың бұл еңбегі мұнай саласында ұзақ жылдар еңбек еткен әкесі Ерғали Деңгелбайұлының және Ембінің барлық ардагер бұрғышыларының рухына арналған. Кітаптың тұсаукесеріне аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев, Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қабылхан Омаров, ауданның Құрметті азаматы Ерғазы Жоламанов, М.Баймұханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары санатты мұғалімі Мәрияш Сатимова және Атыраудан арнайы келген мәдениет және журналистика салаларының қайраткерлері Қаржаубай Сұлтанғалиев пен Әбілхан Төлеуішов қатысты.
Шара модераторы болған аудандық орталық кітапхананың директоры Марал Өтешова алғашқы сөз кезегін авторға беріп, ол өлкетануға деген қызығушылығы қалай пайда болғанын және атақты мұнайшы туралы еңбегін жазудағы қиындықтарымен бөлісе кетті.
Кейін салтанатты түрде жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі мәдениет қайраткері Қаржаубай Сұлтанғалиұлы мен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қабылхан Мұхамбетұлына жолданды. Кітаптың он данасы аудандық орталық кітапханаға тапсырылып, шара қатысушыларына да таратылып берілді.
Сөз кезегін жалғаған Қаржаубай Сұлтанғалиев: «Мен сіздерді жерлестерім деп есептеймін. Өйткені өзім Жылыой ауданының тумасы болғаныммен осы өлкенің өркендеуіне азды-көпті үлесімді қосып, бес жыл қоныстанғанмын. Орекеңнің еңбекқорлығын, архивте қалай бас көтермей жұмыс жасайтындығын білемін. Қазіргі таңда жерлес қаламгер ағасы Айбосын Елеусіновтың жолын бір өзі жалғап жүр деуге болады. Бүгін жарық көріп тұрған кітап та төккен терінің жемісі. Бұл туындыдан тек Рамазан Есқариев емес, барша мұнайшылардың өмірі туралы біле аласыздар. Орақ Ерғалиұлына жасы сексен, тоқсан, жүзге жеткенше шаршамай жаза беруді тілеймін!», - деді.
Ал кітаптың жазылуына көмегі тиген жандардың бірі Әбілхан Төлеуішов: «Бұл туынды сол кездегі Мақаттың тынысын айқындап көрсетеді. Әрбір ауыл тұнған тарих екендігін айтпағанда, әрбір адамның өзі – тарих. Біз өз ісінің майталманы болған тұлғаларды насихаттай алсақ өткенімізге көз жүгіртіп, қоғамға пайда тигізе аламыз. Кейінгі ұрпақ та өзіне керегін алады. Орекеңе шығармашылық табыс тілеймін, жазар таусылмасын!», - деп жүрекжарды лебізін білдірді. Орақ Деңгелбаев болса, екі құрметті қонаққа өз атынан естелікке ерекше қаламсап сыйға тартты.
Кітап авторына тілегін білдіргендердің бірі аудан әкімінің орынбасары Азамат Шаңғалаев: «Кез келген жерге барып «кімің бар?» десе алдымен қаламгерлер, ақын-жазушылар айтылады. Сол секілді сіз де біздің бір мақтанышымызсыз. Елге бергеніңіз аз емес, бірақ әлі береріңіз көп деп ойлаймын. Миллионнан бір жандар ғана алатын Ленин және Еңбек Қызыл Ту орденінің екі мәрте иегері болған мұнайшы атамыз туралы жазуыңыз құптарлық іс. Архивты қопарып кітап жазу да оңай емес екенін түсінеміз. Аман есен ортамызда жүре беріңіз!», - деді.
Сонымен қатар сөз сөйлегендердің ішінде ауданның Құрметті азаматы Ерғазы Жоламанов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қабылхан Омаров және М.Баймұханов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары санатты мұғалімі Мәрияш Сатимовалар да болды. Марияш ұстаз өз кезегінде даңқты мұнайшылар мен мұнай кен орындары туралы мектептерде кеңінен насихатталса деген ұсынысын айта кетті.
Осылайша ортада автордың мақалалары мен кітаптарынан көрме жасақталған жаңа кітаптың ресми тұсау кесері аяқталып, шығарма қалың оқырманға жол тартты.
А.Жұмабекұлы