Мақат кентінде екі спорт алаңы ашылды

(0 Votes)

 Аудан орталығында «Балалар жылына» орай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған екі спорт алаңы пайдалануға берілді. Олардың біреуі С.Мұқашев, екіншісі Бостандық көшесінде орналасқан.

Екі спорт алаңын салу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында басталып, қараша айында қабылданған. Қаражаты әрбіреуі 57 969 174 және 58 399 606 теңгені құраған құрылыстарды мердігер мекеме «Жан-Ерке» ЖШС жүзеге асырды. Мұнда шағын футбол ойнауға арнайы қоршалып салынған алаң, үстел теннисін ойнауға арналған аймақпен бірге балалар ойнайтын және жаттығу жасау алаңдары бар.

img_4713

С.Мұқашев көшесіндегі 80/5 және 80/7 көпқабатты үйлерінің алдында орналасқан спорт алаңының ашылу салтанатындағы алғы сөз Мақат кентінің әкімі Ербол Ермағамбетовке берілді.

- Құрылыс жұмыстары өзінің уақытында әрі сапалы аяқталып жатыр. Сол үшін өзімнің және тұрғындардың атынан аудандық құрылыс бөлімі мен мердігер мекемеге алғыс білдіремін. Жаңа ойын және спорт алаңы бұқаралық спорттың алға өрлеуіне үлес қосады деп сенеміз, - деген кент әкімі өз міндеттерін абыроймен атқарған «Жан-Ерке» ЖШС-і өкілдеріне аудан әкімінің атынан алғыс хат табыстады.

img_4715

«Осындай нысандардың арқасында мақаттық жас өрендердің бірінен соң бірі кәсіпқой спортшылардың қатарына қосылуда. Футбол деген нөмірі бірінші спортқа көңіл бөлгендері үшін әкімшілікке ризашылығымды айтамын. Соңғы үлгідегі спорт алаңының арқасында бос жүрмей, шынығып тұруға мүмкіндігіміз бар. Бастысы игілігімізге берілген нысанды күтіп ұстайық», - деді ардагер футболшы Марат Нұрмақов.

img_4720

Салтанатты түрде лента қию рәсімі де кент әкімі мен ардагер футболшыға жолданды. Кейін жасыл газон үстінде Х.Санбаев мектебінің оқушылары флешмоб билеп, жиналған халық алаңның сапасын байқап көрді.

img_4730

Бостандық көшесіндегі спорт алаңының ашылу салтанатында да кент әкімі Ербол Ермағамбетов алғы сөз сөйлегеннен кейін, кейінгі сөз кезегі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Исполовқа ұсынылды. Жаңа алаңдардың бой көтеруімен құттықтаған ол: «2022 жылы төрт ойыны алаңы ашылады деген жоспар бар. Бұқаралық спорт кәсіпқой спорттың бастамасы екендігінің дәлелі - Атырау шағын футбол клубының биылғы құрамында ауданнан төрт ойыншымыз өнер көрсетуде. Ел арасынан чемпиондарымыз шыға берсін!», - деді.

Ауыл ардагері Талас Байғұршимовтың құттықтау сөзінен кейін, ол аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Қабылхан Омаровпен бірге салтанатты түрде спорт алаңының лентасын қиды. Одан кейін, ауыл балалары жаңа алаңда жолдастық кездесу өткізді.

img_4749

Айта кетейік, Мақат кентінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы екі және демеушілердің есебінен үш ойын алаңдарының құрылысы жүріп жатыр.

 

                                                                                                                                            А.Есжан

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521