Жаңартылған кеңес отырысы

(0 Votes)

Өткен аптада аудандық «Amanat» партиясының ғимаратында партия жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің жаңа құрамдағы алғашқы отырысы болды. Отырысты кеңес төрайымының орынбасары Ахмет Бисенов жүргізді. 

Алғашқы болып сөз алған Мақат аудандық ауруханасыны директорының уақытша міндетін атқарушы Балжібек Абленова өзіне қарасты мекемелердегі Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» бойынша атқарылған жұмыстар туралы тоқталды. Балжібек Абулхаирқызының айтуынша, «кезексіз емхана» электронды денсаулық сақтау жүйесі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын-алуға және оны мүлдем болдырмауға үлкен септігін тигізуде. Сонымен қатар ол: «аудандық аурухананың бөлімшелерінде және келушілердің назары түсетін жерлерде «Қызмет бабын пайдаланып игіліктер мен артықшылықтарды заңсыз алудың жолы жоқ» тақырыбындағы парақшалр қойылып, медицина қызметкерлері арасында «Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы Заңын» кеңінен түсіндіру тақырыбындағы құқықтық насихат жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады», - деді.

931495a7-e1fe-459c-a3a8-95a5730be48f
2021 жыл бойынша аудандық аурухананың медицина қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық бағытында ешқандай құқық бұзушылықтар анықталмаған.

Баяндама аяқталғаннан кейін модератордың тегін дәрі тиесілі науқастарға дәрілердің жетіспеуі туралы қойған сұрағына баяндамашы диспансерлік бақылауда тұрған науқастар өтініш жібергеннен кейін тізімде бар дәрі-дәрмектер ғана берілетіндігін айтты. Ал емханадағы кезекке Мақат кентіндегі 8 дәрігерлік учаскеде 3 жалпы практика дәрігерінің қызмет көрсетуі себеп боп тұрған көрінеді. Расымен де ауданымызға ақ халатты абзал жандардың жетіспеуі соңғы уақытта жиі көтеріліп жүрген мәселе. Отырыс төрағасы сұрап білгеніндей, аудандық ауруханадағы материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарда басшылықтың туыстары жоқ.Сондай-ақ ауданның бас дәрігері медициналық тексеріс кезінде ауруына байланысты қорытынды жасап қызметкерді жеңіл жұмысқа ауыстыруға ұсыныс беретін профпатологтың қызметіне қатысты түсіндірме беріп өтті.

«Қылмысты болдырмау, алдын алу және онымен күрес жүргізу жұмыстары» бойынша баяндаманы учаскелік полиция инспекторы Ғабит Ізбасов оқыды. Ол алдымен: «Аудан көлемінде аса ауыр қылмыстың тіркелуі 66,7 пайызға, ауыр санаттағы қылмыстың тіркелуі 22,7 пайызға төмендеп, ал орта дәрежедегі қылмыс 7,7 пайызға және ауырлығы жеңіл санаттағы қылмыс 60 пайызға өсіп отыр. 2021 жылы барлығы 5860 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды», - деп статистика келтіріп кетті.

Баяндамашының айтуынша шешілуі қиын қылмыстардың көшін интернет алаяқтық пен мал ұрлығы бастап тұр. Әсіресе интернет алаяқтық 4,3 пайызға өскені айтылғанымен, ашылуы туралы мүлде дерек көрсетілген жоқ. Себебі аудандық полиция бөлімінің интернет алаяқтарды ұстауға мүмкіндігі жетпей тұр. Тіпті, іс қозғалуының өзі екіталай екендігін байқап жүрміз.

Аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз ету мақсатында «Тұрмыс», «Жасөспірім», «Пробация», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!», «Жолдағы тәртіп» жедел профилактикалық іс-шаралары және жұма, сенбі және мейрам күндері көптеген локалдық алдын алу іс-шарарлары өткізілді», - дей келе, «Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берді», - деді.

Сұрақ-жауап кезегі келгенде ауданымызда әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қамалғандарға келісімшартпен «Адай» кафесіне жеткізілетіндігі және соңғы үш жылдықта құқық қорғау қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық фактісі орын алмағандығы белгілі болды. Кеңес мүшелерінің тағы бір тілге тиек еткендіктері – кент ішінде полиция пунктерінде полицейлердің үнемі отырмайтындығы. Ол тақырып бойынша Ғабит Ізбасов: «аудандағы 4 учаскелік және 1 стационарлық полиция пунктерінде кадр тапшылығы себебінен полицейлердіңтәулік бойы табылуына мүмкіндік жоқ», - деп сөзін түйіндеді.

                                                                                                                                 А. Есжан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT