Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 17 наурыз күні облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Тәлімгер кеңесінің» кезекті отырысы өткен болатын.
Аталған кеңес отырысында 2020 жылы ауданымыз бойынша зейнеткерлік жасқа шыққан Жарылғап Құрымбаева және Гүлжан Берғалиева еліміздің мемлекеттік қызмет саласының дамуына қосқан елеулі үлестері үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы С.Мүксімов және облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуановтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Аталмыш марапат иелерін аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы қабылдап, облыс орталығынан жеткен арнайы «Алғыс хатты» салтанатты түрде табыс етті.
Жарылғап Жоламанқызы бір бөлімде тұтастай жиырма жыл мемлекеттік қызметші болып еңбек етіп, құрмет демалысына шыққан. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінде бас маманы болған ол ауданның коммуналдық саласының дамуына қосқан өзіндік үлесі бар.
«2000 жылдың желтоқсан айында бұл бөлімге жұмысқа кірісіп, 2020 жылдың қараша айында зейнеткерлікке қалдым. Ол кезде тоқ, су, жылу, жол мәселесі бойынша жұмыстандық, біраз қиындықтар болды. Қазір соның арқасында ауданымыз дамып, заман талабына сай жұмыс жүріп жатыр. Еңбегімізді елеп, құрметтеп марапаттап жатқандарыңызға алғысым шексіз»,- деді Ж.Құрымбаева.
Аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы да өзінің жылы лебізін білдіріп, зейнеткерлерді ауданның қоғамдық өміріне араласуға шақырды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі