М.Баймұханов атындағы орта мектебінде Ұлыстың ұлы күніне орай «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер байқауы өткізілді.
Қыз бала бой жетіп, ақ босағадан аттап, бір үйдің, бір әулеттің келіні атануы – өмірдің заңы. Ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта алған қыз бала сол әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктетіп, ауыл-аймаққа қадірлі болып кетеді. Қазақ келіні қашан да отбасындағы ауызбіршіліктің ұйытқысы болған. Келіндер байқауының басты мақсаты да – осы ұлағатты салт-дәстүрімізді жалғастыру, қазақ келіндерінің бейнесін дәріптеу, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Аталмыш сайысқа алты жас мұғалім қатысып бақ сынады.
Қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы!» таныстыру, «Ойлы болсаң,озып көр!» сұрақ-жауап, «Саусағынан бал тамған келіндер-ай!» ұлттық тағам әзірлеу, «Өнерлі келін – сүйкімді!» өнер көрсету және ою-өрнек қию, «Ақылына көркі сай келіндер-ай!» салт-дәстүрді бейнелейтін көрініс сомдау, «Кім жылдам?» мақал-мәтел жалғастыру кезеңдері бойынша өнер көрсетті.
Байқаудың нәтижесі бойынша І орынды «Талантты келін» номинациясымен математика пәнінің мұғалімі Күнайым Аңшыбаева, ІІ орынды «Білімді келін» номинациясымен бастауыш сынып мұғалімі Толқын Қапақова, ІІІ орынды «Шебер келін» номинациясымен бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Нариманова иеленсе, «Өнерлі келін» номинациясымен бастауыш сынып мұғалімі Мөлдір Амантаева, «Инабатты келін» информатика пәнінің мұғалімі Мейірімгүл Әділова, «Көрермен көзайымы» номинациясына химия пәні мұғалімі Нұрсәуле Ақбергенова ие болды.
Байқауға қатысқан келіндерге мектеп әкімшілігі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы және бірлестік мұғалімдері атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
«МТ»