15 наурыз күні Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдардың басшыларымен кездесіп, шалғайдағы елді мекен тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді ету мәселесін талқылады.
Шараға 14 облыстан он төрт дәрігер қатысса, олардың қатарында аудандық аурухананың бас дәрігері Асулан Әбдірахманов та болды.
Кездесу барысында А.Цой Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырғанын айтып, әсіресе, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар, қабылданып, жатқан шараларға қарамастан, ауылдағы медициналық көмектің сапасын жақсарту қажет екендігін баса айтты.
Кездесуде ел азаматтары мен ауылдағы медицина қызметкерлеріне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Ауылдық аурухана басшылары коронавирус инфекциясына қарсы медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
«Біз бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз тарапымыздан ауылдағы медициналық инфрақұрлымдық перспективаларды дамыту туралы ұсыныс жасап, оны талқыға салдық. Министрлік негізгі проблемаларды шешу үшін 2021-2025 жылдарға МСАК сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, жоспар бойынша бізге медициналық санитарлық алғашқы көмекті дамыту және қажетті кадрлармен қамтамасыз ету, қаржыландыру мен цифрландыру, нормативтік актілерді жетілдіру тапсырмасы жүктелді. Бүгінгі таңда алдымызда инфрақұрылымды жақсарту, медициналық көмекті, атап айтқанда, бейінді мамандандырылған көмекті, МСАК елді мекендерге жақындату міндеті тұр. Әлеуметтік, медициналық, психологиялық көмекті жақсарту қажет. Жергілікті жерлерде, әсіресе, КВИ жұқтырған тұрғындарға медициналық көмек, оңалту керек»-, деді Асулан Нұрбұланұлы бізге берген сұхбатында.
Кездесу қорытындысы бойынша ауылда денсаулық сақтауды дамыту перспективалары бойынша бірқатар ұсыныс талқыланды. Министр А.Цой ауылдағы медициналық көмекті жақсарту жолында әлі ауқымды жұмыс атқару керектігін айтып, кездесу нәтижесі ауылдағы денсаулық сақтауды бірлесіп дамытудағы мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА