Ауылдағы алаңнан – «Қайратқа»

Ауылдағы алаңнан – «Қайратқа»
(0 Votes)

Жұртшылықтың ықыласына бөленген газетіміздің «Мақат маңайынан…» айдарының кезекті кейіпкері – туған жерінен түлеп ұшқан, бүгінде елімізге танымал «Қайрат» футзал клубының қақпашысы – Ерасыл Шарапиденов.

Өзінің еңбекқорлығымен,табандылығымен және отансүйгіш қасиетімен көптің жүрегінен орын алып үлгерген Ерасылдың жетістіктер жолы – бүгінгі жас буын үшін үлгі, ертеңгі ел болашағына сенім ұялататын жарқын мысал.

2005 жылдың 9 қаңтарында мұнайлы мекенде дүниеге келген Ерасыл көп балалы, еңбекқор отбасынан шыққан. Әкесі Қайрат Азиналиев пен анасы Жанат Баяндиева — екеуі де еңбегімен елге сыйлы жандар. Балалық шағы Мақаттың шаңды алаңдарында өткен Ерасыл алғаш рет футболмен есік алдында достарымен доп теуіп жүріп танысты. Мектепішілік жарыстарда көзге түсіп, футболға деген қызығушылығы арта түсті. Сол кезден бастап өзінің спорттық жолына нақты қадам жасай бастады.

«Доп қуалап жүріп-ақ үлкен арманға жетуге болатынын бала кезден сездім»,- дейді Ерасыл.

Сөйтіп ол 2016 жылы Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебі табалдырығын аттап, футбол үйірмесіне қатыса бастайды. Алғашында алаң ойыншысы болып ойнаған ол кейінірек бапкерлерінің ұсынысымен қақпаға тұрып көреді. Бұл шешім оның болашағын түбегейлі өзгертті.

Алғашқы бапкерлері – Ержан Шарафиев, Жақсылық Амандосов және Әнуар Теңдібай оның бойынан ерекше қабілет көріп, бағыт-бағдар береді. Қақпашы ретінде қалыптасуына осы ұстаздарының ықпалы зор болды.Мұнайлы мекен Мақаттың атынан бірнеше додаларға қатысып , алаңдағы шапшаңдығымен ерекше көзге түскен Ерасыл Қайратұлы біртіндеп жаңа белестерге қадам баса бастады. Ал 2020 жылы «Атырау» футзал клубы жергілікті жастар арасында іріктеу өткізетінін бапкері хабарлап, Ерасылға өз бағын сынап көруге ұсыныс білдіреді.Бапкерлерінің сөзіне құлақ асқан Ерасыл бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға бел байлайды. Бапкерлерінің жас спортшыға деген сенімі ақталып, Ерасыл 80 – ге жуық ойыншының арасынан іріктеліп, клубқа қабылданады.

«Туған жеріміздің атынан аудандық, облыстық,республикалық лигаларға қатысып жүрдік. Әрбір ойынға жауапкершілікпен қарап, бар күш-жігерімізді салатынбыз. Бапкерлерім Ержан Шарафиев, Жақсылық Амандосов ,Әнуар Теңдібай біздің әрі қарай футбол да биік белестерді бағындырғанымызды қалап, Атыраудағы іріктеуге апарған болатын. Сол іріктеу кезеңнің өзі бірнеше күнге созылып, «Атырау» футзал клубының құрамына кіру үшін үлкен бәсеке болды. Десе де бапкерлердің берген ақыл-кеңесі мен мықты тактикасының арқасында командаға қабылдандым»,- дейді Ерасыл Қайратұлы. Жасөспірім кезінде армандап жүрген командасының сапында жаттығу жүргізіп, кейін негізгі құрамға біртіндеп жақындай түсті.

«Команда сапында жаттығып жүргенде, трибунада отырып, қызығып тамашалаған ағалармен бір алаңда ойнау — мен үшін үлкен мәртебе болды. Ол кезде ең жас ойыншы болсам да, маған деген сенім зор еді»,- дейді ол.

2024 жылы Ерасыл «Атырау» футзал клубының негізгі қақпашысы ретінде танылып, Қазақстан Премьер-лигасындағы маусымды жарқын өнерімен бастады.Жас қақпашы өз шеберлігімен салқынқанды ойын мәнері арқылы жанкүйерлер мен мамандардың назарын бірден өзіне аударды. Ол бірнеше шешуші матчта керемет сейвтер жасап, командасын қиын сәттерден құтқарып отырды. Әсіресе, мықты қарсыластарға қарсы кездесулерде оның кәсіби дайындығы мен тактикалық ойыны жоғары деңгейде көрініс тапты. Ерасылдың тұрақты әрі сенімді ойынының арқасында «Атырау» қорғанысы нығайып,команда турнирлік кестеде жақсы нәтижелер көрсете бастады.Дәл осы тұста елге кеңінен танымал, Еуропа ареналарында жиі өнер көрсететін, Қазақстанның ең табысты футзал клубтарының бірі – алматылық «Қайрат» клубы Ерасылға қызығушылық танытып, ресми түрде ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс жас ойыншы үшін күтпеген әрі тағдыр шешті сәт болды. Елімізге әйгілі «Қайраттың» Ерасылға назар аударуы – оның шеберлігі мен әмбебап қабілеттерін дәлелдей түсті.

Алайда бұл ұсынысты қабылдау Ерасыл үшін оңай шешім болған жоқ. Себебі «Атырау» – оның туған қаласының командасы, өзіне сенім артып, соңғы төрт жылда кәсіби деңгейге көтерген клуб еді. Жергілікті бапкерлердің қолдауы мен көрермендердің сенімі оған әрқашан күш берген. Бірақ «Қайраттың» деңгейі мен халықаралық аренада ойнау мүмкіндігі – жас спортшы үшін жаңа белес, жаңа мақсат еді.

«Мен бұл ұсынысты қабылдап тұрып, «Атырау» клубының басшылығына алдағы уақытта туған жерімнің намысын тағы да қорғауға ораламын деп уәде бердім. Төрт жыл еңбекті аяқсыз қалдырғым келмеді», — дейді Ерасыл Шарапиденов.

Осылайша 2024 жылы Ерасыл Қазақстан ұлттық футзал құрамасына алғаш рет шақырту алды. Бұл кезде ол небәрі 19 жаста еді. Жас болса да, оның алаңдағы сенімді ойыны, салқынқанды шешімдері мен шеберлігі ұлттық құраманың бапкерлері тарапынан жоғары бағаланды.

Ұлттық құрамада өнер көрсету — кез келген спортшы үшін ең биік жетістік. Ал Ерасыл үшін бұл шақырту — бала кезден армандаған, жүрекпен қалаған мақсаттың орындалуы.

«Көк байрақты арқалап шығу — жүректегі қуаныш қана емес, зор жауапкершілік. Ел намысын қорғау – мен үшін қасиетті міндет»,-дейді жас спортшы.

Қазіргі таңда Ерасыл алматылық «Қайрат» клубының сапында екінші маусымын өткізіп жатыр. Оның айтуынша, бұл командада бәсеке де, талап та жоғары. Әрбір жаттығу мен ойын — өзін дәлелдеудің мүмкіндігі. Командаластарымен бірге жаттығу жасап, түрлі елдердің үздік ойыншыларымен тәжірибе алмасу — оның кәсіби өсуіне үлкен серпін беруде.

«Осы маусымға біз үлкен мақсаттармен келдік. Қай жарысқа қатыссақ та, басты міндетіміз — жеңіске жету және жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлау. Команда әр ойында бар күшін салып, әр ұпай үшін күресіп келеді»,-дейді «Қайрат» футзал клубының қақпашысы Ерасыл Қайратұлы.

Жаңа клубқа аз уақыт болса да Ерасыл командасымен бірге бірнеше ойын өткізіп, толағай табыстарға қол жеткізген. Атап айтқанда, Қазақстан Суперкубогі 2025 - алтын жүлдені, Қазақстан чемпионатында да алтын жүлдені, ал  Қазақстан кубогі 2024-2025 - күміс жүлдені қанжығасына байлаған.

«Қайрат — үлкен тарихы бар клуб. Мұнда әрбір ойын — жауапкершілік. Әр жаттығу — дамуға мүмкіндік. Ал жанкүйерлердің қолдауы бізге ерекше күш береді. Өзім үшін бұл маусым өте маңызды болды. Бірнеше шешуші кездесуде командама көмектесе алғаныма қуаныштымын. Бірақ бұл тек бастамасы деп білемін», — дейді Ерасыл.

Талапшыл жаттықтырушылар, жоғары деңгейдегі дайындық және халықаралық жарыстарға тұрақты қатысу Ерасылды тек қақпашы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де шыңдай түсті. Бүгінде ол тек клубтың ғана емес, ұлттық құраманың да болашағынан зор үміт күттіретін ойыншыларының бірі саналады.

Әрбір спортшының бойында тәртіп, шыдамдылық пен төзімділік болуы шарт. Бұл қасиеттерсіз кәсіби деңгейге жету қиын. Ал футзал — тек бір адамның әрекетімен шешілетін ойын емес. Мұнда команда ішіндегі өзара ауызбіршілік маңызды екендігі сөзсіз.

«Қазіргі таңда мен Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген тізіміне шақырту алып, Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Бұл — мен үшін үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Ең қуаныштысы — менің бала кезгі кумирім Игита да осы құрамда. Онымен бірге жаттығу жасау, тәжірибе алу — мен үшін үлкен мектеп, баға жетпес мүмкіндік»,-дейді бала арманы орындалған Ерасыл.

Бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында ерекше атап өтуде. Президент бұл бағытты дамытудың стратегиялық маңызын нақтылап, спортты тек денсаулық кепілі ғана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі ретінде бағалаған болатын.

«Спортпен шұғылданатын халықтың үлесін 50 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін ауыл-аймақтарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін көбейту қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен ел болашағы үшін маңызды қадам», — деген еді Мемлекет басшысы Жолдауларының бірінде.

Бұл тапсырмалар бүгінде нақты іске асып келеді. Ел ішінде, әсіресе өңірлер мен ауылдарда спортты қолдауға бағытталған жобалар қарқын алып, жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Осы жүйелі қолдаудың жарқын мысалы ретінде ауылдан шыққан Ерасыл сынды жастардың жетістіктерін атауға болады.

Ерасылдың спорттағы жеңісі — еліміздегі бұқаралық спортқа деген нақты қолдаудың айқын көрінісі. Бүгінде ол тек өз мақсатына ғана жетіп қоймай, үлгі ретінде өзге жасөспірімдерге де мотивация беріп жүр. Оның алаңдағы әрбір жеңісі — ауыл жастары үшін үміт, ел болашағы үшін сенім.

Ерасыл Қайратұлы — ауылдан шыққан, арманына адал, еңбекпен есейген, елдің үмітін арқалап жүрген жас спортшы. Оның өмір жолы мен табысқа жету жолындағы табандылығы — тек спортшыға ғана емес, кез келген саладағы жасқа үлгі бола алады.

Бүгін ол — Қазақстан құрамасының сенімді қақпашысы, ертең — ұлттың мақтанышына айналар тұлға. Мақаттан шыққан мақтаныш әлі талай биікті бағындыратынына сенеміз.

Ж.Қамза

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT