Үшінші ауыл ұйымшылдық танытты

(0 Votes)

Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. 

Осындай мақсатты көздеген Доссор кентіндегі үшінші ауылдың жігіттері 27 үйлік алдындағы алаңда киіз үй тігіп, айттық ас берді. Айтқа ауыл имамы, ауыл ақсақалдары, ауыл тұрғындары және жастар мен балалар көптеп жиналды.

Өз кезегінде ұйымдастырушыларға арнап тілек білдіріп, барша жамағатты айт мерекесімен құттықтаған ауыл имамы: «Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына есендікте жетулерін тілеймін», - деді.

Арнайы берілген аста ауыл ақсақалдары да төбе көрсетті. Соның бірі Доссор кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұреден Байниязов. Өз кезегінде сөз алған ол шараны жоғары деңгейде өткізіп жатырған ауыл тұрғындарына, соның ішінде жастарға алғысын білдірді.

Айт мерекесі спорттық сайыстарсыз өткен емес. Бұл жолы да қазақша күрес, қол күресі, гір тасын көтеру сынды спорттың төрт түрінен тартысқа толы бәсеке болды. Ал «Қар-3», «Үшінші ауыл», «Мешіт жамағаты» командалары арқан тартыс сайысының көркін қыздырды. Сайыс нәтижесінде барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар үлестірілді.

Содан соң барша жамағат киіз үйде жайылған дастархандағы астан ауыз тиді. Ол кезде ауыл үлкендері кезекпен-кезек сөз алып, ұйымдастырушыларға ақ алғыстарын жаудырды.

Құранда да жақсылық жасасаң, балаға жаса делінген. Осы негізде ауылымыздың жасөспірімдері, ауыл тұрғындары атынан ойын балаларына тегін балмұздақ таратты.

Бұл шара дәстүрге айналып кейінгі жылдары да жалғасын тапсын деген пікір ауыл тұрғындары тарапынан қылаң берді. Жиналған жұрт «келесі айтта аман-есен кездескенше» деп тарқады.

Бекзат Сәрсенов

Доссор кентінің тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT