Ауданда қайырымдылық концерті өтті

(0 Votes)

Бүгінде қоғамда қайырымдылық жасау үрдісі қалыптасып келеді. Аудандық мәдениет үйінде Мақат балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен жерлесіміз Гүлжайнат Саламатқызының еміне қаржылай көмек көрсетуге арналған «Жылы жүрек - жомарт қол» атты қайырымдылық концерті өтті. 

Алдымен, қайырымдылық концертті аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Темірбайұлы ашып беріп, қайырымдылық шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Сондай-ақ, қазіргі таңда ем алып жатырған Гүлжайнат жерлесіміздің сауығып кетуіне өз ізгі тілегін білдірді.

Шара барысында Мақат балалар өнер мектебінің балалар оркестрі, жас ұстаздардан құралған «Шалқыма» фольклорлық ансамблі, қобызшылар ансамблі, «Қыран» халық аспаптар ансамблі, «Домбыра сазы» домбырашылар ансамблі, «Әгугай» жетігеншілер ансамблі күй орындап, «Әсем-ай», «Томирис», «Зерде» би топтары мың бұрала биледі. Одан бөлек, «Домбыра-тенор», «Күйсандық», «Сырнай», «Дәстүрлі ән», «Дауыс қою» мамандығының оқушылары және өнер мектебінің ұстаздары Венера Боранбайқызы, Әсем Данабекқызы, Айзада Хабиболлаева, Самал Аманбайқызы өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді.

Кеш соңында Мақат балалар өнер мектебінің директоры Дәулеткерей Нәсіпқалиұлы шараға атсалысқан, жергілікті блогер, жеке кәсіпкер Асылбек Өтегенұлы мен шараны өткізуге қолдау білдірген аудандық білім бөліміне, өнерпаздарға рахметін айтып, келген көрермендерге өз алғысын білдірді.

Айта кетейік, концертке 300-ге жуық көрермен келіп, 400 000 теңге көлемінде қаражат жиналды. Ал, жиналған қаражат Гүлжайнат Саламатқызының еміне аударылды.

Осылайша, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қашанда қайырлы істің ұршығын иірген жерлестеріміз нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсете білді.

Ә.ҚАСЫМ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT