«Отбасым-байлығым» жобасы аясында аудандық жастар ресурстық орталығы «Ана - өмірдің шуағы» атты аудандық жас аналар сайысын ұйымдастырды. Доссор кентінде орналасқан аудандық музей ғимаратында өткен сайысқа кент ардагерлері көрермен болды. Сайыстың мақсаты жас аналардың бойындағы дарыны мен ерекше қабілеттерін таныту, қазақ келіндерінің тәрбиелік қырларын кеңінен насихаттау және отбасына жан жылуын арнайтын асыл ана образын қоғамда кеңінен дәріптеу болды.
Үміттерін үкілеп, топқа түскен қатысушыларға Доссор кенті әкімінің орынбасары Гүлнар Ерғожиева, ардагер ұстаз Роза Үмбетова, аудандық мәдениет үйінің маманы Раушан Алиева төрелік етті. Сайысқа 5 қатысушы қатысып, 6 бөлім бойынша бақ сынады. Қатысушылар «Салт-дәстүрді білеміз бе?» бөлімінде ұлттық дәстүрге байланысты сұрақтарға жауап берді. Қолөнер, шаш өру, өлең шығару секілді өнерлерін ортаға салды.
«Біздің жанұя» бөлімінде сайыскерлер әлеуметтік желіге пост жариялап, өз отбасылары туралы ой толғады. Ас әзірлеу бөлімінде аналар ұмыт қалған ұлттық тағамдарды әзірледі.Олардың қатарында «Быламық», «Жаппасай» секілді т.б тағамдар болды. «Жүн өңдеу» бөлімінде жүн түтіп, ұршық үйірді.
Қазылар құрамы аналардың таным деңгейіне, жасаған бұйымдарының көркемдік дәрежесі мен эстетикалық талғамына айрықша назар аударды. Әрине, үйлесімді киім, ибалы мінез бен салиқалы ой-сана секілді қазақ әйеліне ғана тән асыл қасиеттер де назардан тыс қалмады.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің мұғалімі Жәмиля Жақсылықова ие болса, М.Баймұханов атындағы орта мектебінің мұғалімі Әсем Кипова І орын, Х.Санбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Құндыз Сәрсенбаева және аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Ақерке Қалыбекова ІІ орын, бала күтіміндегі ана Баян Ідірісова ІІІ орынмен марапатталды. Сайыс жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордікі