Жылдағы дәстүр бойынша 25 желтоқсан күні аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті.
Мерекелік кешке тоғыз мектептен жүз оқушы қатысты. Олардың қатары әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан шыққан балалары болды. Балалардың қуанышына аудан әкімі Шәкір Кейкин ортақтасып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Мерекелік шыршаға түрлі карнавалдық киімдерін киіп келген оқушылардың шырайлы жүздерінен қуаныш лебі сезілді.
Түрлі кейіпкерлер желісі бойынша дайындалған сценарий балдырғандарды ертегі құшағына енгізді.
Аяз ата, Ақша қар мен Қыс ханшайымы сынды мифтік кейіпкерлер жиналғандардың көңілін серпілтті.
Шырша тойы әртүрлі кейіпкерлер қатысқан музыкалық композициямен өріліп, думанға айналды. Сахна төрінде әсем әндер айтылып, көз тартар көрініске толы қойылымдар орындалды.
Оқушылар аудан әкімі, білім беру бөлімі басшысы және мектеп директорларымен бірге қолұстасып әртүрлі ойыншықтар мен шамдар ілінген шыршаны айнала жүріп мереке көркін қыздырды. Сондай-ақ, оқушылар түрлі ойын ойнап, өз өнерлерін көрсетіп, ән салып, би биледі.
Жаңа жылдық кеште жүз оқушыға мерекелік тәттіге толы қоржын және 10000 теңгелік сертификат табыс етілді.
Сондай-ақ, мектеп асханасына балаларға арналған мерекелік тәтті фуршет дастарханы жайылды. Кеш соңында өрендер шыршаны айнала би билеп, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі