Мамыражай мамыр айы жанды жадыратар мерекелерге толы. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің алатын орны ерекше. Осынау мейрамның қарсаңында соғысқа қатысқан батырларымызбен қатар тыл ардагерлері де елеусіз қалмайды.
Бүгін Атырау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Серік Қабдешев пен аталған бөлімшенің кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбол Нұрышев, Мақат стансасының бастығы Мереке Басанов және Доссор стансасының бастығы Нұрбол Әмірханов доссорлық тыл ардагері, ұзақ жылдар бойы теміржол саласында абыройлы еңбек еткен Қалима Төлеуованы жеңіс күнімен құттықтап барды.
Калима Таласбайқызы ата-анасынан ерте айырылып, Ленинградта ағаларының қолында тұрғанда соғыс кезіндегі қаланың қоршауын басынан өткерді. Эвакуациялаумен Атырау өңіріне келгеннен кейін Доссор темір жол вокзалында кассир болып 40 жылға жуық жұмыс жасаған. Қызмет пен отбасылық өмірді қатар алып жүріп 4 бала тәрбиелеп өсірді. Жолдасы Қайырболат пен үлкен ұлы Мақсот та темір жол саласында қызмет еткен. Қолында тұратын ұлы Бағытжан ауданға танымал кәсіпкер.
Қарт әжей келген қонақтарға риза болғаннан алғысын жаудырып шығарып салды.
А.Жұмабекұлы