Тәу етер тәуелсіздік мерекесі Мақат ауданында сән салтанатымен атап өтілді. Аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы мерекелік шараға жиналған қауымды құттықтап, тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі жеткен жетістік пен толағай табысқа тоқталды.
Салтанатты шарада бір топ қызметкерге облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов, аудан әкімі Шәкір Кейкин және аудандық мәслихат хатшысы Қуаныш Исмагуловтың марапаты табыс етілді.
Еңбегімен еленгендердің арасында қарапайым еңбек адамынан бастап, өндіріс, білім, медицина, мәдениет саласының майталмандары болды. Сондай-ақ, Ескене елдімекенін интернет желісімен қамтыған «Транестелеком» АҚ-ның басшылығы да бар.
Биыл елімізде алғаш рет ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өткізілген болатын. Зияткерлік сайысқа ауданның 5-6 сынып оқушыларынан 59 шәкірт іріктеліп, оның 34-і республикалық кезеңге жолдама алды. Білім додасында 4 оқушы топ жарып, жеңімпаз атанды. Жүзден жүйрік атанғандарды аудан әкімі елеусіз қалдырмай, марапатқа бөледі.
Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан көркемөнерпаздары патриоттық әндерден шашу шашып, бишілер мың бұралып, кештің шырайын кіргізді.
Мерекелік шара барысында санитарлық талаптарға сәйкес, қауіпсіздік шаралары сақталды.
"МТ"