Сейсенбі күні облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен ауданымызда болды.
Алдымен өңір басшысы ауданға сапарын теміржол торабында орналасқан елді мекендерден бастады. Алдымен Таскескен бекетіне табан тіреген облыс басшысы тұрғындарды мазалаған сұрақтарына жауап берді. Бүгінде бұл жерде 12 түтін бар, онда есеп бойынша халық саны 63 адам. Мұндағы тұрғын үйдің ең көнесі 1960 жылдары салынған. Тұрғындардың базынасын тыңдауға келген аймақ басшысына ауыл халқы жай-күйлерін айтып, толғандырған сұрақтарын жеткізді. Ауыл іргесінде орналасқан өндіріс заводтарының зияндылығын қозғады. Қауіптілікті білдіретін қызыл сызық ауылдан 5 км шақырым жерде тұр. «Болашақ» станциясында төгілген күкірттің иісінен және завод жақтан жел соқса жанды қоярға жер таппаймыз. Себебі жаман иіс қолқаны қабады деп күйінді тұрғындар. «Таңға жақын тұншығып қалатын кездеріміз болады. Оның жасыратын ештеңесі жоқ. Тіпті ауаның ластығынан осы айналада жәндіктерді айтпағанда, аспанда құста ұшпайды. Сондай-ақ, 45-50 жас аралығында тұрғындардың қайтыс болуы да жиелеп кетті», - деді станция қызметкері. Бұл сұраққа Махамбет Жолдасқалиұлы: «Бұл өте күрделі мәселе. Экологиямызға, адам ағзасына зиянын тигізіп жатырса, әрине, біз бұл мәселенің шешімін табатын боламыз. Арнайы мамандар тексеріс жұмыстарын жүргізіп, зерделейтін болады»,- деді.
Ескене елді мекенінің тұрғындарын да толғандыратын осы мәселе. Облыс басшысымен кездесуге жиналғандар да өзекті мәселелерін ашық жеткізді. Бастапқыда бұл бекетке жұмыс бабымен теміржолшылар қоныстанған. Кейін тұрғындардың қатары көбейіп, бекет үлкейе бастайды. Енді ауыл халқы темір жол қызметінің қызуы басылған соң нәсіп табар кәсіптің жоқтығын айтады. Бұл жерде бүгінде 258 тұрғын қоныстанған. «Бұрын жұмыс бабымен көшіп келдік. Бастапқыда бәрі де жақсы болатын. Қазір қызметіміз тоқтады, көпшілігіміз теміржол саласының ардагерлеріміз. Жұмыстың жоқтығынан жастарымыз қалада пәтерден пәтерге көшіп күнелтіп жүр. Сол себепті, бізді қалаға көшіруді сұраймыз», - деп мұңдарын шақты.
«Көшіру бойынша қандай мүмкіншілік бар екенін қарастырамыз. Көшудің де өз тәртібі, заңы бар. Қазір сіздерге нақты жауап бере алмасам да, осы мәселемен тығыз айналысып, жан-жақты зерттейтін боламыз»,- деп халықтың өтінішін құп көрген аймақ басшысы ауылды көшірудің барлық заңдылықтары қайта қаралсын деп жауапты мамандарға тапсырма жүктеді.
Негізінен тұрғындарға жергілікті билік Мақат және Доссор кенттеріне көшуге ұсыныс білдірген. Дегенмен аулдан екі қолға бір күрек таппаған жастар қаладан нәпақасын тауып жүргесін, ауылда қалғандар баласының қамын ойлап үйді қаладан алсақ деген тілегін білдірген.
Сондай-ақ, тұрғындар іргедегі заводтардан шығатын иіс мәселесін де жеткізді. Осы уақытқа дейін жүргізілген тексеріс нәтижелері тұрғындар үшін зиянсыз деп табылса да, денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатырғанын айтты. Тұрғындардың тілегін тыңдаған Махамбет Досмұхамбетов бұл мәселені де қолға алатынын жеткізді. Алдағы уақытта жаңа технологиялардың көмегімен қайта тексеріс жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Аядай екі ауылдың тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы оларды мазалаған сұрақтарға жауап беріп, түйіткілді түйіндер, маңызды мәселелер алдағы уақытта шешімін табатынына сендірді.
М.Ізтұрғанова
Сурет автордікі