Таразы табағынан тиын аулаған саудагер тұтынушыны ренжітті

(0 Votes)

Аудан орталығында ұйымдастырылып жүрген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жұртшылықтың көңілін көншітпей тұр.

Естеріңізде болса, газетіміздің №-- санында «Жәрмеңке жабайыланып барады» тақырыбында жарияланған мақалада жәрмеңкенің жайы егжей-тегжейлі жазылғанымен, «Баяғы жартас – бір жартас» екен. Араға апта салып, қайта оралғанымызда оқырмандарымыз «Жаздыңдар, нәтиже қане?» -деп, дүрсе қоя бергені. Көңіліміз түсіп кеткенімен, газет оқырмандары жазылған жайттан көз жазбайтынына қуандық.

Өткен бейсенбіде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және «Ұлттық сараптама орталығының» аудандық филиал мамандары «Қауіпсіз тағам таңда!» акциясын ұйымдастырып, «Нитрат Тестер» құрылғысымен ерте піскен бақша өнімдерінің сапалық құрамын тексерді. Сонымен қатар жіті ішек инфекциялары мен тамақтан уланудың алдын алу айлығы тұсында сауда-саттық ұйымдастырылатын орынның санитарлық тазалығы, тауар сапасын бақылауды қолға алды.

Мамандар нитрат тестер «Соекс» әдісімен нитраттар тиісті мөлшерден жоғары екенін анықтады. Мәселен, қарбызда 60-тан 117, қауында 90-нан 71, тәтті бұрышта 200-ден 86, кәдіде 300-ден 127, картопта 250-ден 109, сәбізде 400-ден 125, жуада 80-нен 28, қызанақта 150-ден 87 нитрат мөлшерінің жоғары көрсетуі тұтынушы денсаулығына алаңдатады.

Ал баға нарқы бөлек әңгіме. Жеке кәсіп иелері сатып тұрған тауарларын өткізгенде орын ақыдан босатылғанымен, тауар бағасы базар нарқынан 15-20 пайызға төмен ұстауы шартын ұмытқан. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ па, әйтеуір оңай олжаға кенелуге мүмкіндік тапқанға ұқсайды. Көкөністі көкбазармен бірдей ұстап, тіпті, таразының табағынан тиын аулап тұрған саудагерлерге тұтынушылар наразылық туғызуда.

Тұтынушылар жәрмеңкені ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылығын білдіре отырып, базар нарқынан төмен ұстауын қадағаласа дейді. Біз куә болған жәрмеңкеде бір қарбыздан 200 теңге артық ақы алып отырғанына ренішін жеткізген тұтынушы тауарын кент әкімдігі қойған бақылау таразысына тартып, артық ақшасын қайтарып алды.

Бұл бір ғана тұтынушының жайы. Кент әкімдігі қызметкерлері бақылау таразысын қойып, тұтынушы күдігін сейілтуге тырысқанымен, жәрмеңке бастапқы қалпынан мүлде өзгерген. Жәрмеңкедегі бағалардың қымбаттау себебін аудандық ауыл шаруашылығы басшысы А.Шаңғалаевқа қойып көрдік. Көрші аудандардағы шаруа қожалықтарымен меморандумға отырған олар жәрмеңкеде делдалсыз, табиғи таза өнім - деп тоқмейлсігенімен, сүт өнімдері базар нарқымен бірдей саудаға шығарылу себебі: ауылы алыс Қызылқоға, Орал өңірінен тасымалданатынын алға тартады. Осылайша ауылы алыс саудагер «арбалап» әкелгенін «боталы інгенге» пұлдаса да, орынақыдан босатылып, олжалы қайтып жүреді. Ал біздің мақсат- саудагердің ұпайын түгендеу емес, ұтымды іс ұйымдастыру. Жергілікті атқарушы орындар бұл келеңсіздікті жойып, тәртіп пен талап үдесінен шығуы - уақыт күттірмейтін мәселе.

Л.МЫҢБАЙҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521