Асыл қазынамыздың сақшысы

Асыл қазынамыздың сақшысы
(0 Votes)

Президент Қасым- Жомарт Тоқаев 2025 жылды «жұмысшы мамандықтар жылы» деп жария­лап: «біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын наси­хаттаймыз. адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адам­дар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. бір сөзбен айтқанда біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра­ды. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» - деген еді.

Осы орайда «Еңбек адамы кім?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Еңбек адамы дегеніміз өз мамандығын сүйіп таңдаған және сол мамандықтың алтын қолды иесі атанған адам дер едім. Осы тұста еңбек адамын, соның ішінде адал кәсібінен нәсібін тауып жүрген жандарды кеңінен насихат­тау туралы орынды сөз қозғалып жүр.

«Еңбек түбі – береке» деп қазақ халқы бекерге айтпаған. Мамандық таңдау – бұл өте маңызды іс. Өйткені, біз таңдаған мамандық сала­сында өмір бойы қызмет атқарамыз. Еліміздің барлық саласындағы мамандықтардың арнайы кәсіби күндері белгіленген және ол жыл сайын атап өтіледі. Соның ішінде Үкімет қаулысымен бекітілген 24 қазан кітапханашылар күніне орай өз мамандығының кәсіби шебері жайлы айтқым келеді.

«Жақсы кітап - жан азығы». Кітап адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі болса, ал кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Сондықтан қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы айту не бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жұрт көп біле бермейтін, қоғамда елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуына жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жүрген кітапханашылардың еңбегі ұшан –теңіз. Олар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Кітап оқитын ұлттың руханияты да, мәдениеті мен әдебиеті де берік болары сөзсіз. Адамзатты игілікке бастайтын, ақыл-ойдың тамыршысы кітапқа деген қоғамның құрметі де әрқашан биік. Осы ретте рухани ордаға баланған кітапханалар мен олардың шырақшысына айналған кітапханашылардың рөлі басым.

Кітапхана – адамзат ақыл-ойының қазынасы, өткен мен бүгіннің ара­сын жалғаушы алтын көпір болса, осы көпірдің дәнекершісі, ерен еңбек адамы, қадірлі жандардың бірі, кәсіби шыңдалу жолында түрлі ізденістер мен талпыныстар арқылы өз мамандығының майталман бапкері атанған Д.Төленов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің кітапханасында 40 жылдан астам та­бан аудармастан еңбек еткен Шұға Қабиқызы Өңешбаева.

Ол 1985 жылы Гурьев педагогика институтын бітіргеннен бастап зейнет жасына жеткенше осы мектепте жұмыс жасаған. Жұмыс жасаған жылдары еңбегі еленіп, түрлі жетістіктерге жеткен. Атап айтар болсақ, облыстық білім беру департаментінің, «Аудандық ең үздік кітапхана-2013» байқауының 3-ші дәрежелі диплом иегері, облыстық мәслихаттың, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары мен аудандық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы т.б. марапаттарға ие болған. Шәкірттері Жиенғалиев Құралбек, Қуаныш Ақерке, Сапидол­ла Айша, Айбекқызы Жасмин, Орын­басар Қарақат сынды шәкірттері де аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болғандығын мақтанышпен айта аламыз.

Қалың оқырманның жүрегіне жол таба білген мектебіміздің кітапханашысы Шұға Қабиқызын өз мамандығының хас шебері ретінде мақтасақ артық айтқандық емес. Адамзат баласының рухани азығы, сарқылмас байлығы, ұлылықпен ұлағатқа жетелейтін дүниенің құнды қазынасы мәдениет болып табылады. Ал мәдениеттің өзі кітап оқудан бастау алатыны белгілі. Осы орайда Шұға апай – кітапхана қорына келіп түскен көркем әдебиеттердің пайдасын оқушыларға түсіндіре отырып, қызықты мәліметтерді жеткізу мақсатында түрлі бағыттағы шараларды ұйымдастыруда алды­на жан салмайтын мықты маман. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін кітап көрмелерін атаулы күндерге орай уақытылы өткізіп, тақырыпқа байланысты кең мағлұмат беріп отырады. Ата-ана­лармен, мұғалімдермен тығыз бай­ланыс жасай отырып, оқушылардың кітапханаға жиі келуіне ықпал етіп отырады.

Шұға Қабиқызын әріптестері «өзіне жүктелген тапсырманы тиянақтылықпен орындайтын өз ісінің хас шебері, кітаптың құдіретін терең түсінетін жан» ретінде бағалайды.

Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихат­тап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – абыройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда. Бүгінгі қоғамның рухани өмірінің өзегі іспеттес ғылымды қалың оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жас жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты қалың көпшілікке жеткізуші, таныстырып, табысты­рушы тұлға - кітапханашы. Барлық мамандықтың өзіндік күрделілігі, шешуі қиын мәселелері болады. Осы орайда өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ғана ұлт сапасын арттыра­ды. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Кәсібін толық игерген адам қашанда сұранысқа ие. Дәл осындай жандардан үлгі алуымыз керек. Өзінің бар саналы ғұмырын осы кітапхана саласына арнаған Шұға Қабиқызы бүгінгі күні құрметті еңбек демалысында.

Отбасында Мақсотұлы Берік ағамызбен екеуі өмірге 1 ұл мен 3 қызды әкеліп, олардың өмірден өз жолдарын табуына көмектесіп, ұрпақ алдындағы ата-аналық міндеттерін жауапкершілікпен атқарған абы­ройлы жандар. Өмір өкінішсіз бол­майтыны қақ, енді осы балалардың қызығын көреміз - ау деген шақта Берік ағамыз өмірден өтіп, бар тауқымет Шұға апайдың мойнына ар­тылады. Қайғы-мұң өзегін өртесе де, сабырлылық танытып, балаларының аяқтан тұрып кетуіне бар күш- жігерін аямайды. Қазіргі таңда Шұға апайымыз осы ұрпақтарынан өрбіген жиен-немерелерінің «әже» деп ерке­леген қылығы мен қуанышына мәз болып отырған бақытты ана.

Сан түрлі мамандық бар, бірақ кітапханашы мамандығы мен үшін өзінің өте қызықты да, тартымдылығымен ерекшеленеді. «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын»,- деп жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев айтқандай, біздің кітапханашылар кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар көңіл шуағын да төгетіні жасы­рын емес.

Жүсіпбек Аймауытов: «Мамандық- тың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» дейді. Кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Жұмысшы мамандықтар жылында назарға алынуы керек мамандардың бірі кітапханашылар деп нық сеніммен айта аламыз. Осы орайда ауданымыздың кітапхана саласында қырық жылдан аса абыройлы еңбек еткен Шұға Өңешбайқызын кітапханашылар күнімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына береке-бірлік тілеймін. Алла берген бақ пен бақыттың бесігінде тербеліп жүз жасаңыз.

А.МАМЕШОВА,

Д.Төленов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің кітапхана меңгерушісі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT