Жылыой ауданының Ақкиізтоғай ауылында болашақ бағы өсіп келеді 

(0 Votes)

Жылыой ауданының шағын Ақкиізтоғай ауылында «Саялы бақ саясында» атты экологиялық жоба басталды.

Бұл жобаның авторы – ауыл белсендісі әрі «Талаптан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нурадил Қарасаев. Ол ауылдастарымен бірге қуаң даланы жасыл оазиске айналдыруды мақсат етті. Жоба «Тенгизшевройл» (ТШО) компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Нурадил Қарасаевтың бұл идеясы туған ауылды көркейтіп, жайлы орта қалыптастыру ниетінен туындаған. 2025 жылы ол ауыл тұрғындарының бірлігін айқындайтын әрі көркейте түсетін бақ отырғызуды ұсынды. 1,5 гектар аумақ қоршалып, тамшылатып суару жүйесі орнатылды, 630 түп ағаш көшеті егілді.

– Біз бұл бақты адамдар демалып, әңгімелесіп, балаларымен уақыт өткізе алатын орынға айналдырғымыз келеді. Әр ағаш отырғызған сайын, біз үміт егеміз. Болашақтың жасыл боларына сенеміз, – дейді Нурадил Қарасаев.

Инициативаны ауыл әкімі Марат Кабиденов пен жергілікті қауымдастық қолдады. Белсенділер отырғызылған ағаштарға тұрақты түрде күтім жасап, аумақтың тазалығын бақылауда ұстайды.

Бүгінде бұл «жасыл жоба» шағын бастаманың өзі адамдарды табиғатты қорғау мен болашақ ұрпақ қамы жолында біріктіре алатынын көрсетіп отыр.

Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Асқар Арыстанов өз әсерімен бөлісті:

 

– Бұрын бұл жерде тек шаң мен қураған топырақ болатын. Ал қазір – өмір бар. Бұл бақ – ауылымыздың мақтанышы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Республика күні

AQPARATPRINT