«Талантты журналист қысқа жазады»

(0 Votes)

Бұқаралық ақпарат құралдарынсыз күнделікті қоғам тынысымен танысу, қажетті ақпаратпен бөлісу мүмкін емес.

Ақпараттың нақты, әрі өміршеңдігіне мән беру – журналистің ізденісі мен шығармашылық деңгейін танытады. Сондықтан басылымның заманауи талап үдесінен шыға білу қағидасын «Атырау-Ақпарат» ЖШС-гі концепциялық заңнамасына енгізіп, ұдайы назарда ұстап келеді. Медиа-холдинг басшылығының ұйғарымымен мекемеге қарасты басылымдардың жауапты қызметкерлері бүгінде «Рухани Астана» атанып жүрген Алматы қаласында іссапарда болып қайттық.

Басты ұстаным – тіл тазалығын сақтау

Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Журналистика: заманға сай креативті даму» атты оқу-семинарға қатысқан әріптестеріміз рухани жаңғыру аясында ерекше әсерге бөленіп, шығармашылық қызметтің жаңаша лебіне зейін қойды. Бізді Қазақстан Жазушылар одағының аға әдеби кеңесшісі Нұртас Тұрғанбек қарсылап алып, межелі уақыт шеңберінде бағдарламамен оқу-семинар сағаттарынан бөлек тарихи-рухани орындармен танысуымызға мүмкіндіктерді ұйымдастырды. Семинар сабақтары Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйінде бас-тау алып, алдымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнел-Қабдол Бисенғали бүгінгі қазақ әдебиетінің бағыттары туралы түсінік берді. Профессор бүгінгі қазақ әдебиетінің реалистік және постмодернистік-жаңаша жазу бағыттарын қамтитынын тарқатты. Яғни, бүгінгі әдебиеттің беталысын зерделеп, оқу, ұғыну, тарихи шығармалардың құндылығын саралаудың маңызын әңгімеледі.

Бір сәт өзімізді студент есебінде сезініп, дәріс оқушыға сұрақ қойып, бір нәрсені ұғуға да құлшынысымыз оянғанын байқаймыз. Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабековпен кездесу барысында ерекше еске сақтайтын дүние қандай шығарма болмасын қаламгер ұлттық менталитетті, ұлттық рухты таныта білуі керектігін жеткізді. Оқырманын жалықтырып алмас үшін бос әңгімеге әуестенбей, әрбір деталь, әрбір сөздің безбенделуіне мұқияттылық қажет-ақ. Сайып келгенде, тақырып таңдай білу, тіл тазалығын сақтау қалам ұстаған жандардың басты ұстанымына айналуы тиістігін айтты. Жазушы өзінің драматургия саласындағы қиын да қызықты естеліктерімен бөлісіп, шетелдердің мәдениеті мен рухани келбеті туралы әңгімеледі.

Ұлт келешегіне саяси көзқарас

Атырау өңірінен барған журналистермен кездесіп, бүгінгі ақпарат кеңістігінде қандай мәселеге мән беру, қозғайтын тақырыпты ашуда тереңіне үңіліп, ұлтымызды сақтаудың басты қағидаларын зерделеуге кеңес берген белгілі саясаткер, пуб-лицист Айдос Сарым Елбасы Жолдауының айқын бағыттарын бағамдады. Бүгінгі моно-қалалардың дамуы мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге иек артудағы игі бастамалардың жемісін саралады. Қазақ үшін қалаларды дамыту, мәдениетін қалыптастыру, сәулеті мен сәніне ден қою арқылы өркендеу жолымызды айқындап алу маңыздылығын еске салды. Мәселен, көлеңкелі экономканың қоғамға әсері, оның пайда болу жолдарын зерттеу арқылы журналист оның себебі мен салдарын зерделей білуі керектігін тарқатты. Сондықтан дәстүрлі тақырыптармен шектелмей, ауылдың келешегі, қаламен байланысын зерттеу арқылы журналист өресін кеңейтудің маңызы туралы сөз сабақтады. Бұл сонымен қатар журналист үшін мемлекет ұстанымына сай үн қосудағы міндеттерін айқындайды.

Журналист - жаңа заманның жауынгері

Іссапарымыздың екінші күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында болып, алдымен республикалық «Жұлдыз» журналының редакциясында бас редакторы Ғалым Жайлыбаймен жүздестік. Қазақстан жазушыларының әдеби-әлеуметтік басылымының шығармашылық ұжымы бас редактордың орынбасары Тұрысбек Сәукетай, бөлім меңгерушілері Жұмабай Құлиев, Думан Рамазанмен де пікір бөлісіп, Атырау өңірінің жаңалықтарын жария етуге әзір әріптестеріміз ұдайы байланыс орнатуға шақырды.

Мұнан соң, «Әдебиет» баспасының директоры, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлымен кездесіп, бүгінгі қазақ әдебиетінің беделін, қазақ жазушылары шығармаларының деңгейін көтеру мақсатында әр өңірдегі қаламгерлер туындыларын мәдениет министрлігі және одақ арқылы басып шығаруды жоспарлап отырғандарын алға тартты. Бұл жұмысты бір жүйеге келтіру үшін әртүрлі жанрдағы кітаптар Жазушылар одағының сұрыптауынан өткізу керектігін әр өңірдің әкімдеріне жадылауды ұйғарыпты. Себебі, қазіргі жас-тар арасында орындап жүрген әндерінің сөзінің немесе сазының авторларын білмейтін жайттар жиі кездесетіні жасырын емес. Сондықтан зиялы орта азаматтарының пайымынша поэ-зияны алға шығарып, қисынды сөздің құдіретіне деген құрметті арттыру – рухани тынысымызды кеңейтуге оң бағыт деп ұқтық.

Қазақ қаламгерлерінің қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы ғимаратында одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің қызметтік бөлмесіндегі кездесудің жөні бөлек. Одақ көлемінде жаңа жобалар, халықаралық шаралар ұйымдастыру жоспарларының тиегін ағытқан төраға облысымыздың әкімі Нұрлан Ноғаев пен «Атырау Ақпарат» медиа-холдинг директоры Баязи Әбдешевтің әдебиетке деген оң көзқарастарын жоғары бағалайтынын жеткізді. Биыл Жазушылар одағы тарапынан «Нұр Отанға» 20 жыл толуына байланысты 17 жоба ұсынылып, оның 4-і қабылданған. Сонымен қатар, Елбасының жаңа Жолдауында ғылым, білім, әдебиет, мәдениетті көтеру бағытында қозғалған жайттар рухани кеңістікке жол ашады. Ортақ мүддені іске асыруда Атырау өңірінен де білікті кадрлар мен облыс басшылығы тарапынан қолдау болады деп сенім артқан одақ төріндегі азаматтар қатарында «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Есенғали Раушанов та сөз сабақтап, ризашылығын айтты.

«Қазақ әдебиеті» газеті редакциясына да тоқтап, газеттің бас редакторының орынбасары Қанағат Әбілхайыровпен әңгімелесу барысында бет құру жоспарымен танысудың сәті түсті. Ал Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделханның қызметтік бөлмесіндегі қабылдау ұлттық мүддеге, мемлекетке қызмет етуде қоғамдық идеяның негізін қалаушы топ ретінде құрметпен қарауы ерекше әсерге бөледі. Журналистер жаңа заманның жауынгерлері, кешегі Бұқар, Шалкиіз жыраулардың жолын жалғастырушылар –деп бағалауы жігерлендіріп жібергендей.

Іссапар бағдарламасы барысында «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы орналасқан ғимараттағы «Ақ желкен» журналының бас редакторы, танымал журналист, ақын Жүсiпбек Қорғасбекпен кездесудің әсері тіптен ерекше. Тәжірибелі редактордың бағасы: - аудандық газеттер республикалық басылымдарға қарағанда мәдениеттi жақсы сақтайды деген тұжырымда. Республикалық басылымдардың көбiнде алдымен бос сөзге орын берiлiп, негiзгi мәселеге мақаланың ортасында бір-ақ оралатын жайттар жиі кездесетінін жасырмады. Мұны құптамайтын баспагердің креативті көзқарасы: -басты ақпаратты лид айтып тұруы керек дейді. Оқырман әрмен қарай оқи ма, жоқ па өзi бiледi. Бiр шолып өткеннiң өзiнде адамның санасына көп ақпарат жазылады. Бiздiң негiзгi мақсатымыз да осы. Сондай-ақ, ақпарат беруде сапалы сурет пен дизайнның маңызы зор. Ұзынсонар материалдан гөрi үлкен сурет газеттiң мазмұнын ашып тұрады дейді. Ақын өзінің өлеңдерін оқып беріп, жарық көрген еңбектерін естелікке ұсынды.

Рухани мүдде - ұрпаќ сабаќтастығында Әріптестерімізбен бірге рухани тынысымызды кеңейткен әсерлі сәттің бірі – Ұлттық кітапханаға сапарымыз болды. Арнайы жүйемен тіркеліп, оқырман билетін қолымызға алған біз үшін бұл билет 5 жыл мерзімге, яғни 2023 жылға дейін жарамды. Бүгінде 42 мыңнан астам кітап қоры сақталған кітапханаға күніне 3 мыңға жуық оқырман келіп, рухани сұранысын қамтуға мүмкіндік табады екен. Мұнда бізді қазақтың біртуар жазушылары мен көне басылымдар тарихы, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар залында жинақталған мағлұматтар қызықтырды. Әрине, рухани мүдде ұрпақ сабақтастығына жалғасуы осыдан көрініс табады. Бізге М.Әуезов атындағы драма театрында Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түн» атты қойылымының премерасын тамашалау сәті де бұйырды. Кітаптан оқыған дүниемізді сахналық қойылымда толықтырып, ерекше әсер алдық.

Іссапар күнделігінде қазақ әдебиеті тарихында жарық жұлдыз боп өшпез із қалдырып кеткен тұлғалар Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұханов, Ғабит Мүсіреповтар тұрған үйлеріне бас сұғып, бүгінде мұражайларына айналған рухани тағылымы мол жәдігерлерімен таныстық. Олардың ұстап-тұтқан дүниелері, шығармашылық еңбектері қаз-қалпында кейінгі ұрпаққа тәбәрік боп сақталғанына куә боп қайттық. Әрбір жәдігердің өзіндік сыры тарихқа толы, құнды деректің тиегін ағытады... Қазақ зиялыларының қалыптасқан ортасы – Оңтүстік Астанадағы іссапар күнделігінің соңында Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің атынан орынбасары Бауыржан Жақып семинар-тренингке қатысушыларға сертификат табыс етті.

Лена НҰРБАЕВА.

Мақат –Алматы – Мақат.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521