Соғыс… Күйік ән... Әз ғұмыр... Қаншама төгілген жас пен қан...
1978 жылы Ауғанстанда басталған төңкерістің арты аяқталмас соғысқа айналып, қаншама тағдырды жалмап, қаншама адамға қайғы-қасірет әкелді. 1979 жылдан бастап Кеңес әскерінің қатарындағы сарбаздар интернационалдық борышын өтеу үшін Ауғанстан жеріне жіберіле бастады. Тарихта 20 ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енген соғысқа қазақ даласынан 22 мыңға жуық азамат аттанып, 900 сарбаз майдан даласында қаза тапса, 20-сы хабар ошарсыз кеткен болатын.
Интернационалист жауынгерлер үшін 10 жылға созылған соғыстың жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Бүгінде ауданда ауған соғысына қатысқан 17 ардагер тұрады. Солардың бірі – Кенжебек Тағабергенов. Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 35 жыл. Мерейлі дата қарсаңында ардагер ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Аға, сұхбатқа келіскеніңізге рахмет! Сұрапыл соғыс жылдарын көзбен көрген ардагерлерден Ауған соғысы туралы жан-жақты біліп, сіздердей хас батырларды бүгінгі ұрпаққа насихаттауда алтын көпір болғымыз келіп отыр. Әңгімемізді өмірбаяныңыздан бастасақ?
– Мен 1969 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келдім. Балалық шағым Шоманай деген ауылда өтті. 8 сыныпты бітіргеннен кейін машинистің көмекшісі мамандығын оқып шықтым. Әскерден келген соң 1989 жылы Бейнеудің әр жағындағы Ақжігіт деген жерде теміржолды жөндеуші болып жұмыс жасадым. 1993 жылы жұмыстан қысқарту болып, кейінгі жылдары әр жерде жұмыс жасап жүрдім. Содан 2003 жылы жұмыс бабымен Мақатқа көшіп келдім. Қазір Мақаттағы «Әскерилендірілген темір жол күзеті» мекемесінде күзетші болып қызмет атқарамын.
– Ауған жеріне әскерге қалай аттандыңыз?
– Оқу орнын тәмамдаған соң 1987 жылы әскерге аттандым. Алғаш Ташкент қаласында алты айлық әскери курстан өттім. Кейін 1988 жылдың ақпан айында Кабул қаласына жіберді.
– Ол кезде Ауғандағы соғысқа аттанып бара жатқаныңызды білдіңіз бе?
– Иә, бір топта оқып жатқан он жеті жігіт өз еркімізбен соғысқа қатысуға өтініш жаздық. Өйткені, ауылдастарымыздың, ағаларымыздың майдан даласында жүргені біздің де ел қорғауға деген патриоттық сезімімізді оятты. Содан оқуды бітіре сала қараша айында шақырту алған едік.
– Ауғанстанның қай аймақтарында ел тыныштығы үшін күрестіңіз? Қандай әскери полкте қызмет еттіңіз?
– Ауғанстан жеріне жоғарыда айтып өткенімдей алғаш 1988 жылдың ақпан айында аттанып, Кабул қаласына тұрақтадық. №181 полкте әскери қызметімді өтедім. Кейін әскери құрамды екіге бөлді. Мен Баграм қаласына №11 заставаға жіберілдім. Ол жерде біз қару-жарақтар мен азық-түліктердің тасымалына жауапты болдық. Кабул, Баграм, Джалал-Абад, Кундуз, Кушка сияқты қалаларда әскери қызмет еттім. Ауғанстандағы осы аталған қалаларда тасымал қызметінің ойдағыдай жүруіне үлесімізді қостық. Бұл өте жауапты қызмет болды. Өйткені, қару-жарақ пен тамақ ол кезде аса қажетті және қат заттар болғасын тұтқиылдан шабуыл жасап, тонағысы келетіндер көп болды. Осылай жүріп, 1989 жылдың қаңтар айында Ауғанстан жерінен шығатындығымыз туралы хабар келді.
– Майдан даласында қандас қазақ бауырларыңыз болды ма?
– Иә, өте көп қазақ бауырларымыз болды. Ауылдан он жеті жігіт әскерге баруға өтініш жазсақ, соның тек жетеуін соғысқа жіберді. Аттанған жетеуіміздің ішінен төртеуіміз аман-есен елге оралсақ, үш қандасымыз ұрыс даласында мерт болды.
– Майдан даласындағы есте қалған оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?
– Кабул қаласындағы оқиға ойға оралып отыр. Кабулдың халқы өте сауатты, білімді болды. Бір жергілікті тұрғынмен тілдескенім есте қалып қойды. Ол маған «неліктен соғысқа келдің?» деген сұрақ қойды. Мен ел тыныштығы мен бейбіт өмір үшін келгенімді айтқан болатынмын. Кабул тұрғыны «сонда сіздер біз үшін жан беруге дайынсыздар ма?» деп таң қалғаны бар еді.
– Бүгінгі ұрпақтың патриоттық сезімін ояту үшін не істеуіміз керек?
– Отан алдындағы әскери борышты өтеу – парыз. Өзімнің ұлдарым әскерге барып, борыштарын өтеп қайтты. Әрбір ұлан, ел тізгінін ұстайтын азамат Отан үшін қай кезде де өз жанын аямау керек. Бір жыл уақыт - қас қағым сәт. Сонымен қатар заман да дамыған. Ал біздің кезімізде хат жазатын қағазды табудың өзі қиынның қиыны еді. Енді соғыс деген зауал болмасын деп тілеймін. Болашақ ұрпағымыз тек бейбіт күнде ел тыныштығын күзетсін! Ең, бастысы ел аман, жұрт тыныш болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
P.s. Тарихтың қатпарлы бетіне үңілер болсақ, Ауған соғысының зардаптары аз емес. Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтағы ең қайғылы оқиғалардың бірі. Ел тыныштығы мен бейбіт өмірді қолдаған нағыз ерлер сұм соғыста жан алысып, жан берісті. Бірі елге аман келсе, бірі қан майданда мәңгілік мекенге аттанды. Соғыс ешкімді, ешқашан аяған емес. Қырғи қабақ соғыстан Кеңес әскерлерінің бөлімшелерінің шыға бастауының өзі үлкен қиын операция болды. Сол жылдар аралығында Атырау облысынан 872 адам соғысқа аттанған еді. Оның ішінде 27 мақаттық жауынгерге елге аман-есен оралу бақыты бұйырды. Олар - сол кездің талабын, әскери міндетін мүлтіксіз орындап, антқа беріктіктің, биік азаматтықтың сынағынан өткен батырлар екені даусыз.
Сұхбаттасқан: Жаннұр ҚАМЗА