Ауданның 100 жылдығы қарсаңында Доссор кентінде 8 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін, 26 қаңтар күні «Вокзал маңы» ықшам ауданында салынған 4 қос пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің кілті иелеріне салтанатты түрде табысталды.
Шараға қатысқан аудан әкімі Ринат Ибрагимов биылғы жылы ауданда тұрғын үйлердің көптеп салынатынын айтып өтіп, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі біртіндеп шешілетінін жеткізді.
Үш бөлмелі пәтерге ие болғандардың қатарында көп балалы, аз қамтылған отбасылар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
Көпбалалы ана Әлима Қазмұханова өз кезегін 14 жыл бойы күткен. Пәтер аламын деген арманынан күдер үзген оған кенеттен жауапты органнан қоңырау шалынып, сүйінші хабарды жеткізген. «Бүгін көптен күткен үйіме қолым жетіп жатыр, кілтін алып жатырмыз. Бәйгетөбеде апатты жағдайда тұрған үйде тұратын едім. Бүгін енді сәтін салып, баспаналы болып жатырғанымызға қуаныштымын»,- дейді Әлима Қазмұханова.
Ауданда соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мақат кентінде дәл осындай қос пәтерлі үш үйдің құрылысы аяқталып тұрса, Доссор кентінде бір және Мақат кентінде екі 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал, бүгінде аудан бойынша үй кезегінде 762 отбасы тұр.
М.Ізтұрғанова