Көпшіліктің көңілінен шыққан «Мақат маңайынан...» айдарының кезекті кейіпкері, қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын, сан тілдің сырын меңгерген аудармашы - ГауҺар Бейліханова.
Бір кездері аудан мектебінің шағын сыныбында шетел тілдерін арман еткен бала Гауһар, бүгінде бірнеше тілде еркін сөйлейтін кәсіби аудармашыға айналып отыр. Алайда оның жолы тілмен ғана шектелмей, сөзді кәсіпке, ал мағынасын мақсатқа айналдырған жан.
Талай тілді бағындырған Гауһар Асанқызы 1995 жылдың 24 қарашасында мұнайлы мекен Мақат кентінде дүниеге келген. Ол тоғызыншы сыныпқа дейін мектепті үздік оқып, білімге құштарлығы мен , алғырлығымен ерекшеленген. Сабақты тез меңгеріп, жаңа тақырыпты бірден ұғып алатын қабілетімен ұстаздарының сенімін ақтап жүрген оқушы болған.
«Маған білім алу өзімді табу жолы екенін ерте кезден түсініп өстім. Себебі анам үнемі «жақсы оқысаң болашағың жарқын болады», деп көп айтатын. Сол сөзден кейін әр жаңа тақырып мен үшін бір жаңалық, бір мүмкіндік болатындай. Сол үшін де сабақты жақсы оқуға тырыстым. Оқушы кезімдегі бір оқиғаны айтып берейін. Сегізінші сыныпта физикадан бір жаңа тақырып басталды. Көп балаларға күрделі көрінді. Өзім де алғашында түсінбей қалдым. Бірақ сол күні кешке үйге келіп, кітапты жай ғана қызығып оқи бастадым. Бір қарасам формулалары, мысалдары өздігінен байланысып, мән-мағына бере бастады. Ертеңіне мұғалім қиын есептерді бергенде, өзім де байқамай, бәрін шығарып қойған екенмін. Ұстазым таң қалған. “Сен мұны қайдан білесің?” деп сұрағаны әлі есімде», - дейді кейіпкеріміз.
Осындай табиғи алғырлығы мен білімге деген ықыласы Гауһарды әрдайым алдыңғы қатарда ұстады. Жауапкершілігі мол, ізденімпаз әрі сабырлы мінезімен ол сыныптастарына да, мұғалімдеріне де сыйлы бола білді.
Кейіпкеріміздің әңгімесін тыңдай отыра, оның жүрегінде бала күннен бері бір оттың маздап тұрғанын байқауға болады. Мектеп қабырғасында алғаш ағылшын сөздерін жаттаған сәтінен бастап, әрбір дыбыс, әрбір интонация оған бейне бір жұмбақ әлем секілді көрінген. Сол қызығушылық оны Ақтау қаласындағы «Ақтау шет тілдер колледжіне» жетелейді. Онда тек ағылшынмен ғана шектелмей, қытай, түрік, корей секілді бірнеше тілді еркін меңгеріп шығады. Бүгінде ол халықаралық деңгейде сұранысқа ие кәсіби аудармашы.
«Тіл үйрену мен шетелге шығу менің бала кезімнен алдыма қойған мақсаттарымның бірі болды. Кейде адамның өмір жолын күрт өзгертер сәттер күтпеген жерден келеді. Менің өмірімдегі сол сәттің бірі – қарапайым үйлену тойынан басталды. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Ағамның жанында тұрған жаңа жеңгем тойда, отырғаннан-ақ ерекше көрінді. Жымиып тұрып, әдемі түрде үш тілде еркін сөйлей бастады. Шетелден келген құрбысымен ағылшынша сөйлесіп, үлкендер мен қазақша, кейде орысша сөйлесіп отырғанын көріп, іштей қызығушылығым оянды. Сол кезде аудармашының тірі «қызметін» көріп, бұл салаға одан әрі қызығып кеттім», - деді кейіпкеріміз.
Содан шетел тілдеріне деген қызығушылығы одан әрі өрбіп, Алматы қаласындағы «Қазақ ұлттық шет тілдері» университетін де білімін жалғастырады.
«Оқу да жүргенімде 4 - курс студенті ретінде өндірістік практикадан өту үшін «Гельвеция» аударма агенттігіне жіберді. Бұл компания 2017 жылғы «ЭКСПО» халықаралық көрмесінің ресми аудармашысы болып танылған еді. Практика кезінде кәсіби шеберлігім басшылықтың назарын аударып, мені практика аяқталған соң тұрақты жұмысқа өздері шақырды. Бұл жерде өте көп тәжірибе жинақтап, бір жыл бойы сол компанияда қызмет атқардым. Содан 2018 жылы басқа мекемеге аударма ісі бойынша ауысып, ол жақтан да тәжірибемді толық жетілдірдім десем болды», - деді аудармашы маман.
Гауһардың өмірлік жолы жай ғана шет тілін меңгеріп, қызметке тұрумен ғана шектелмегені анық. Ол сөздің шынайы салмағын сезінетін, аударманың тереңіне бойлай білетін нағыз маман. «Кейде сөйлеушінің айтпағы сөзде емес, көзінде болады» , - дейді ол. Сол себепті де әр аудармасына бар болмысын салып, сөзбен бірге сезімді де жеткізуге тырысады. Оның бұл қасиеті көптеген іскерлік форумдар мен мәдени іс- шараларда жоғары бағаланып жүр.
Бүгінде Гауһар алпыс адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкер, әрі бұл саланың шынайы майталманы. Себебі ол сегіз тілде еркін сөйлеп, оны аудару ісімен айналысады.
«Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, жүректердің алтын кілті, мәдениеттер мен тағдырларды тоғыстырған ерекше көпір. Мен әр тілді үйренген сайын әлемнің жаңа қырын танып , әр ұлттың ерекшелігін түсініп, тарихынан да хабардар бола бастадым. Аудармашы болу үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Өйткені, әрбір сөздің мағынасы мен үнін дұрыс жеткізу керек . Өз жұмысымды жақсы көріп жасаймын, себебі ол тек кәсіби міндет ғана емес, адамдар арасындағы түсінікті арттыру жолындағы үлкен еңбек. Мен үшін әр тіл – жаңа әлемге ашылған есік, жаңа достық пен түсіністікке бастар жол. Осы білімім арқылы дамып, көптеген жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып отырмын. Бір кездері мен белгілі бір мекемелер де адамдардың сөзін аударушы болсам, бүгінде адамдардың өмірін өзгертуге себепкер болып отырмын. Осы салаға деген шынайы ниетпен еңбекқорлық өз жемісін беруде. Қазіргі таңда менің қарамағымда алпысқа жуық адам тұрақты жұмыс істеп отыр. Мен олардың үмітіне айналғанымды сезінем», - деді өз мамандығының шынайы иесі Гауһар Асанқызы.
Сондай-ақ аудармашы. Гауһар әлемнің кез келген нүктесімен яғни, Азия, Еуропа, Америка секілді елдерден жобалар қабылдап, оны жүзеге асырып келеді.
«Жұмыс негізінен аударма ісі болғандықтан, әлемнің кез келген нүктесімен жұмыс істей беремін. Бұл менің және командамның ең үлкен артықшылығы. Болашақта аударма саласына заманауи технологияларды енгізіп, жастарға бағыт беруді мақсат етудемін. Себебі өзім мектепте оқығаннан бастап, ағылшын тіліне деген шынайы құштарлық пен қарадым. Бұл сезім мені әрқашан алға жетеледі. Әрине көптеген қиындықтар кездесті, бірақ одан қорықпай, еңбектенуден жалықпай, үмітімді үзбедім», - деді кейіпкеріміз Гауһар Бейліханова.
Ол сегіз тілде сөйлегенімен, жүрегі тек бір тіл деп соғады. Ол - сенімнің, туған жерге деген адалдықтың үні. Кейіпкеріміз сол үнмен болашақты сөйлетіп келеді.
Оның туған жерге деген махаббаты мен адалдығы оның өмірлік ұстанымдарыны ң бастысы. Гауһар өз сөзінде «Мақат – менің жүрегімнің түп қазығы» дейді.
Иә, Мақат топырағынан түлеген таланттар аз емес. Олардың әрқайсысы ерекше, әрқайсысы өз болмысымен дараланады.
Солардың ішінде сөздің салмағын, тілдің нәзіктігін терең түсініп, аудармашы мамандығын абыроймен арқалаған Гауһар да ел игілігі үшін қызмет етіп жүр.
Бұл кең даланың самал желінен нәр алып, ауылдың қара шаңырағында арманын ұштаған аудармашы қыздың әңгімесі.
Г.Жұбанышқалиева