Репрессияға ұшырап, Доссорға жер аударылды

(0 Votes)

Қазір ауданда қуғын-сүргін құрбандарының 3 ұрпағы ғана бар. Солардың бірі доссорлық Галина Кувалаки.

Ол отбасының тарихын баяндай келе, қиын-қыстау заманда бауырына тартып, барымен бөліскен қазақ халқының қамқорлығын бізге әңгімелеген болатын. Галинаның әкесі Кувалаки Михаил және анасы Мария Николаевна Қырым республикасынан 1944 жылы маусым айында репрессияға ұшырап, Доссор өлкесіне жер аударылған. Галина ата-анам сол жылдары былай еске алып, бізге әңгімелейтін деп оқиғасын бастады. «Таң атысымен ауылға әскерилер ауыр жүк көліктерімен келіп, үн қатпастан үйлеріне баса-көктеп кіріп, барлығын машинаға мінгізген. Оларды теміржол бекетіне әкеліп, мал таситын вагонға қамап, айдап жіберген. Олар өздерімен бірге ештеңе алып үлгермеген. Белгісіз бағытқа қарай жол тартқан пойыз ұзақ 1 айға жуық жол жүрген. Кейбір станцияларға тоқтап, бақбақ секілді өсімдіктерді талғажу етуге берген. Азық-түлік тапшы болған. Әрі жаз мезгілі ыстық, қапырық. Балалар да үлкендер де жуынбаған. Жол бойында өзен кездессе, пойыз тоқтап, оларға 1 сағат жуынуға уақыт берген. Жол жүрген бір айдың ішінде балалар да үлкендер де аштықтан өле бастаған. Әр тоқтаған аялдамадан олардың мүрделерін вагоннан түсірген. Дегенмен оларды көмген, көмбегені беймәлім»,- деп Галина ата-анасының естеліктерімен бөлісті.

Уақыт өте келе, олар аман-есен түнде Доссорға жеткен. Кенттегі жоғарыда айтылған бірінші ауыл шетіндегі баракқа оларды орналастырады. Таң ата олар далаға шығып, айналаға қараса, кең жазық ауылды көріп таң қалысады. Өйткені олар келген ауыл жайқалған жасыл желек талымен ерекше еді. Алғашқыда ауыл тұрғындары бұларға жақындамаған. Олармен сөйлеспеңдер, жақындамаңдар деп ескертіп қойса керек. «Анам татар тілін жақсы меңгерген. Татар тілінің қазақ тіліне ұқсастығы бар ғой. Ол шала татарша, жартылай орысшы айқайлап, адамдарды шақырған. Кейін адамдар түсініп, оларға жақындай бастаған. Аптадай баракта өмір сүріп, кейіннен ауыл тұрғындарына оларды бөліп берген. Олар әрдайым қазақ халқына алғысын білдіріп отыратын. Өздері ашықса да, қолындағы барымен бөлісетін деп олардың қамқорлығына өле-өлгенше бас иіп кетті»,- деді Галина. Галинаның анасы Мария жоғарыда айтылған орталық электрстансасының құрылысын салуға қатысқан жандардың бірі болған. Сол жылдардағы ауыр жұмыстың қиыншылығын ол тіпті сөзбен айтып жеткізе алмайтын еді дейді.

«Осы нәубет жылдарын ата-анам аман-есен өткеріп, кейін осы мекенде тұрақтап қалған. Өздері саман тастан үй салған. Жұмысқа тұрған. Анам мұнай-газ өндіру басқармасында мұнайшы, әкем құрылыс басқармасында құрылысшы болған. 1953 жылы мен дүниеге келгенмін. Мен осы жерде туып-өстім. Бұл менің - Отаным. Қазір елімізде қысыл-таяң уақыт болып жатыр. Дегенмен де қазақ елі бұдан өткен қиыншылықтарды еңсерген»,- деп сөзін қорытындылады Галина Кувалаки.

М.СЕРІКҚЫЗЫ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521