Зұлмат жылдары мыңдаған ұлт өкілдері қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Дархан қазақ халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын жылы қабылдап, бір үзім нанымен бөлісті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының өмірін қазақтың құрты сақтаған деген пікірлер де шындыққа саяды.
Бүгінде Бәйгетөбе ауыл маңында әр жерде бір төбе боп қалған үйінділер, алыстан менмұндалап тұратын электрстанса өткен тарихтан сыр шертеді.
⠀
Қуғын-сүргін құрбандарының біразы бейбіт заманда осы жерді мекендеп, мұнайлы өңірде тұрақтап қалды. Тарих таңбалаған ашаршылық нәубеті мен тоталитарлық режимнің құрбан болғандарды тәуелсіз ел ұрпақтары ұмытпауы тиіс.
⠀
Ауданда орын алған бұл оқиғаны «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмінен анық көруге болады. Доссор кентінде түсірілген бұл фильм 2005 жылы жарыққа шықты. Кинофильмнің авторы жергілікті жазушы - Сәтімжан Санбаев, ал режиссері - Асанәлі Әшімов. Олар соғыс ылаңы тиген өзге елдерден қазақ жеріне ауып келгендердің ауыр тағдырын, жетім балаларды бауырына басқан қазақтың кеңпейілділігін шебер суреттеп жеткізген.
⠀
Биыл дәстүрлі түрде өткізілетін қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі пандемияға байланысты өткізілмеді. Десе де, осы күні үйде «Тұзды көл жағасындағы үй» фильмін отбасыңызбен бірге тамашалап, тарихтан сыр шертуге ұсынамыз.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Сурет: ашық дереккөз