Қаламгер тағылымы!

Қаламгер тағылымы!
(0 Votes)

Бүгін Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай “Қарымды қаламгер. Майдангер. Тұлға” атты ардагер, журналист, ақын, публицист, ауданның Құрметті азаматы Тәжібай Текеевтің құжаттарынан жиналған көрме өтті.

Аудандық архивтің ұйымдастыруымен өткен көрмеге аудандық мәслихат депутаты, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, зиялы қауым өкілдері мен қаламгердің ұрпақтары және мектеп оқушылары қатысты.

Шара барысында ауданның баспасөз саласының қалыптасуында және оның дамуына сүбелі үлес қосқан Тәжібай Текеевтің шығармалары, мақалалары, еңбек жолы таныстырылып, өлеңдері оқылды.

Шара соңында қаламгермен бірге әріптес болған Әсима Жылқышева, Күнзира Досниязова және Тойған Бектұрғанова облыстық ардагерлер кеңесінің “Хиуаз Доспанова” төсбелгісімен марапатталды.

Айта кетейік, ақын Тәжібай Қабасұлы 1923 жылы Саркөл өңірінде дүниеге келген.

Алғашқы еңбек жолын 1941 жылы шілде айында Мақат ауданындағы “Социалистік Ембі” газетінде әдеби қызметкер ретінде бастап, соғыс басталған шақта 1941 жылы қан майданға аттанған.

Ол Қызыл Армияның 183-інші барлаушылар дивизиясы құрамында болып жаумен шайқасқан.

Соғыста ауыр жараланып 1943 жылы ІІ топ мүгедегі болып туған еліне оралған. Елге оралған соң аудандық газетте жауапты хатшы, кейіннен редакторлық қызмет атқарған.

Еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер Тәжібай Текеев 1994 жылы қыркүйек айында дүниеден озған.

Оның “Мұнай иісі” кітабы және “Кел, Мақатқа”, “Алтын бұлақ”, “Ақсақалдар толғайды” өлеңдер жинағы бар.

 

Ботакөз Асхатқызы

Суреттер автордікі

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT