Праймериз – жаңа көшбасшыларды іріктеу мен тартудың арнасына айналған жаңа бастама. Халықаралық тәжірибеде мойындалған партияішілік іріктеудің мұндай тәсілін елімізде алғашқылардың бірі болып «Nur Otan» партиясы қолданысқа енгізуде.
Ауданда праймеризге қатысуға 44 үміткер өтініш білдірген. Оның 27-сі ер болса, 17-сі әйел адам. Сондай-ақ, 21 отыз бес жасқа дейінгі жастар тіркеліп отыр. Үміткерлердің арасында білім, денсаулық, спорт, баспасөз, өнеркәсіп, қызмет көрсету саласының қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер де бар.
Сейсенбі күні «Nur otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Азаматов және «Nur otan» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы саясаттанушылар орталығы жетекшісінің орынбасары Сайфолла Сапанов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсел Қаржауова праймеризге қатысушы үміткерлермен кездесті.
Кеңесте «Үгіт жұмыстары мен жария пікірсайыстар» кезеңі бойынша талқылау жұмыстары жүргізілді.
Жиын барысында праймериздің алдағы мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындауды мақсат ететіні айтылды. Сондай-ақ, оның өзіне сай ережесі мен кезеңдері, мақсат-міндеттері, негізгі қағидаттары түсіндірілді. Кездесуде партия мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сауалдарына жауап алды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі