Наурыз көже ұсынылған үйде тоқшылық болады (+ВИДЕО)

(0 Votes)

Еліміздің батысында ғана ерекше еленетін амал мерекесі біздің ауданда да айрықша мәнге ие. Бұл күні балалар бастаған бір топ ауыл тұрғындары үй-үйді аралап, көрші-көлем мен ағайын-тумасын түгендеп, көрісіп шығады. Үй иесі де келген меймандарына ілтипат-ізетінен жаңылмай-ақ ұсынып, бар тәттісін алдына тосады.

Өзге өңірлер жеті түрлі дәм қосылған наурыз көжені айдың жиырма екінші жұлдызында дайындаса, біздің өлкенің ақжаулықтылары дәл осы амал мерекесінде әзірлейді.

"Тамыры тереңге жайылған әулетке 1983-ші жылы келін боп түстім",- дейді Айсұлу апай наурыз көжесін ұсынып жатып. "Жақсысын асырып, жаманын жасырып қазақтың ізетінен жаңылмаған салихалы келін  атанғалы да  39 жылдай болыпты. Аллаға шүкір, бүгінде ата мен әже болып немерелеріміздің ортасында бақытты ғұмыр кешудеміз",- дейді 40 жыл ұстаздық етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ұлағатты жан.

Үлкен үйдің шаңырағынан мейман арылған ба?! Апайдың арнайы дайындалған наурыз көжесінен көрісіп келген әріптестері де ауыз тиіп жатыр. Бүгінде білгенін келініне үйретіп жүрген ақжаулықты ана бұл мерекелік тағамның қадір-қасиетіне де тоқталды. "Көрісіп келген қонаққа, алдымен жеті түрлі тағамнан әзірленген Наурыз көже ұсынылады. Ондағы мақсат-қазақ халқында наурыз көже ішілген үйде тоқшылық пен молшылық болады деп есептелінген. Оған алдымен қыстан сүрленіп қалған майлы етті шыжғырып аламыз. Тұз-суынан бөлек оған сәбіз кей жерлерді мейіз қосады. Ерекше дәм беретін құрт-қатығы тағы бар",- дейді Айсұлу апай.     

 А.САДЫКОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT