Мемлекет басшысы өткізген Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Негізгі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жиналған қауым алдында сөз сөйлеп, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын ой-толғамдары мен ұсыныстарын ортаға салған болатын.
Сондай-ақ, ол еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін сабақ алу керектігін айтып өтті.
«Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған.
Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет», деді өз сөзінде Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сынға салады.
Сондықтан, мұндай қайғылы оқиғалардан сабақ алып, оның қайталанбауы үшін жүйелі жұмыстар жасалуы қажет.
Сәбит Халенов,
Мақат аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы