Алғыс арқалаған Мардан

(0 Votes)

 Елімізде маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Яғни, әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын, өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауатын ақ халатты абзал жандардың мейрамы. Қоғамдағы аса жауапты саланы таңдап, ел тілегін жанына демеу етіп, Гипократық антына адал дәрігерлер біздің ауданымызда да жеткілікті. Солардың бірі - ақ халатты абзал жан Мардан Сәбитұлы.

Мұнайлы өлкеге киелі Түркістан жерінен келген Мардан бүгінде аудандық орталық ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет етеді. 1997 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген ол, 2002 жылы сол жақтағы Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясының табалдырығын аттайды. Кейінірек, 2009 жылы арнайы дарынды балалар мектеп-интернатына емтихан тапсырып, аталмыш білім ұясына қабылданады. 2014 жылы мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған ол сол жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне медицина факультетіне оқуға түседі. Бала күнгі арманы математика пәнінің мұғалімі болу болса да, денсаулық сақтау саласын таңдаған Мардан Жәнділлә бүгінде мамандығы өзіне ұнайтындығын айтады. Себебі, науқастардың айтқан алғысы жұмысқа деген құлшынысты арттырады дейді.

«Бұл саланы таңдауыма ата-анам себепкер болды. Сол кісілердің денсаулықтарын қадағалау үшін осы жолда жүрмін. Жалпы, әкем – машинист көмекшісі, анам – шаштаразшы болып қызмет етеді. Өзімнен кейін інім мен қарындасым бар. Ата-анам халықтың алғысын арқалаған маман бол дейтін. Ата-анамның батасы мен тілегінің арқасында бүгінде ақ халатты абзал жандардың қатарынан табылдым. Ал, бала күнгі арманым математика пәнінің мұғалімі болу еді. Бұл қол жетпес арман болып қалды. Десе де, ешқандай өкінішім жоқ», - дейді абзал жан.

Жер әлемді дүрліктірген короновирус індетінің өршіген кезінде медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен қайсарлығы оған тосқауыл болғандығы рас. Сондықтан, дәрігерлер – бейбіт күннің батырлары екенін нақты дәлелі осы болса керек. Кейіпкеріміздің де алғашқы еңбекке араласуы осы коронавирус кезімен тұспа-тұс келген.

«Алғашқы еңбек жолым 2020 жылы Шымкент қаласында басталды. Сол жылдары студент болсам да, уақытша ашылған мекемелердің бірінде мейіргер болып қызмет атқарып жүріп, біраз тәжірибе жинақтадым. Себебі, біздің саламыз үнемі оқумен қатар, ізденісте жүруді қажет етеді. Сондықтан да, адам өміріне деген жауапкершілікті жүктейтін саланы таңдаған соң қате жібермеуге тырысу керек», - дейді Мардан Сәбитұлы.

Иә, тәжірибе мен біліктіліктің арқасында бүгінде адам ағзасындағы өзгерістерді анықтай отырып, әрі қарай тиесілі жерге жолдама беретін маман жан-жақты болу керектігін жақсы ұғады. Осы ретте өз саласының қыр сырын жете меңгерген Мардан әрбір қызметтің өзіне тән қиындығы мен қызығы болатындығын жеткізді.

«Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл сала өте жоғары көңіл бөлуді қажет етеді. Мен 2020 жылдан бастап бір жарым жылдай уақыт бойы коронавирусқа қарсы орталықта жұмыс істедім. Барлық қиындықтар мен қызықтар сонда өтті. Қызық дегенім әрбір науқасқа емнің әсер еткенін көргенде, одан асқан бақыт пен жеңіл сезімнің жоқ екендігін сезіну», - дейді ақ халатты абзал жан.

Мардан Сәбитұлы алдағы уақытта мамандығын шыңдап әрі қарай жалғастыру жоспарда бар екендігін тілге тиек етті. Одан бөлек, болашақта туған жері киелі Түркістан қаласына оралатындығын айтты.

«Туған елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден дейді ғой. Сол себепті әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік борышы деп білемін. Алдағы уақытта туған жерге оралып, жұмыс жасау жоспарымда бар. Десе де, Мақат ауданында жұмыс істеп жүргеніме бір жарым жылдай уақыт өтті. Осы ретте келген сәттен бастап, сенім білдіріп, қолдау көрсеткен аурухана басшылығына рахметімді айтамын», - деп ізгі тілегін жеткізді дәрігер.

Иә, дертіне ем іздеген науқастардың алғысын алып жүрген Марданның еңбекқорлығы мен жауапкершілігі бүгінде жас мамандарға үлгі-өнеге. Өйткені, алдына келген әрбір науқастың жағдайын білуге мейлінше көңіл бөліп, оларға сырқаттан емделудің жолдарын түсіндіріп, егжей-тегжейлі айтудан бір жалықпайтын білікті дәрігерге аудан жұртшылығы дән риза. Сол себепті, мәртебелі мамандық иелерін бүгінгінің батырлары десек, артық айтқанымыз емес.

Ә.ҚАСЫМ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT