Өрт сөндіруші - Тұрарбек

(0 Votes)

1995 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органды құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осының негізінде 19 қазан құтқарушылар күні болып бекітілгеніне биыл 25 жыл толып отыр.

Тәуелсіздік алғанға дейін елімізде кәсіби апаттық-құтқару қызметі болмаған еді. Адамдарды, қоғамды апаттық жағдайдан құтқару жұмыстарын көбіне қоғамдық ұйымдар, құтқару бекеттері атқарып келді. Бұл қызметтің бір бөлігі құқық қорғау органдарына жүктелді.

2014 жылдан ішкі істер органдарының құрамына қосылған төтенше жағдайлар комитеті биылғы жылдан бастап министрлік болып қайта құрылды.

Құтқарушылар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, Азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы салааралық үйлестіру, өрттің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастырады.

Ауданымыздағы №8 өрт сөндіру бөлімінде 30 қызметкер жұмыс атқарады. Олардың барлығының дерлік өрт сөндіру процесіне тікелей қатысы бар.

Бөлім құрамындағы тәжірибелі мамандардың бірі – Тұрарбек Салимов. Ол 2007 жылдан бері осы салада, 2011 жылдан  ауданда еңбек етеді. Қазіргі таңда бөлімше командирі лауазымында.

«Бізден көбі басыңыздан өткен қандай қызықты оқиғалар бар деп сұрап жатады. Тілсіз жаумен арпалысқанның қандай қызығы болсын?! Дегенмен естен кетпес жағдайлар деп 2009 жылдың 31 желтоқсанында таңғы 06:00-де Атырау облыстық ауруханасында орын алған өрттен 204 адамды аман алып шыққанымызды, 2010 жылдағы наурыздың 28-інде Атырау қаласындағы салық комитетінен шыққан қызыл жалынды ауыздықтағанымызды айтар едім. Сондай-ақ, 2015 жылдың мамыр айында Атырау қаласында бірнеше күн толассыз жауған жаңбыр салдарынан үйлерді су басқанда Мақаттан арнайы барып халықтың алғысын алғанымыз бар».

Тұрарбек Дүзелұлы «10 жыл мінсіз қызмет еткені үшін» арнайы төсбелгісімен марапатталған. 2018 жылы Көкшетау қаласындағы «Көкше» колледжін өрт сөндіру инспекторы мамандығы бойынша тәмамдаған.

«Құтқарушы болу төзімділік пен ерекше табандылықты және әртүрлі ситуацияға психологиялық тұрғыдан дайын болуды талап етеді. Өзімнің өмір жолымды елге пайдам тиетін қызметке арнағанымды мақтан тұтамын», - дейді кейіпкеріміз.

Тосыннан келген апат кезінде бірінші болып көмекке келетін жауапты миссияны орындайтын мамандардың еңбегі еленгені  артық етпейді. Тұрарбектей «жүрегінің түгі бар» бейбіт күннің батырларын кәсіби мерекемен құттықтап, кезекті жұмыс күні тыныш өтуін  тілеп қоштастық.

А.ЕСЖАН

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521