Мұғалім – қадірлі мамандық

(0 Votes)

«Сен де – бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп дана Абай айтқандай, әр мамандық иесінің қоғамда өзіндік рөлі бар. Дегенмен соның ішінде «ғалым да, кенші де бас иетін» ұстаздардың орны ерекше. Мамандықтың төресін таңдаған мұғалімдер бүкіл адамзатқа білім нәрін себеді. Сондықтан алғыс айту күні алғашқылардың бірі болып ойымызға зердемізді ашқан жандар түседі.

Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін салаға бір келгендер оған бар саналы ғұмырын арнайды. Ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеуді өзінің өмірлік борышына айналдырады. Сөзіміздің бір дәлелі - Ораз Сарғұнанов атындағы орта мектептің математика және пәні мұғалімі Гүлнәр Сейілханова.

7c0857bf-26d6-49d7-a480-49467d6434c3

Ол 1984 жылы облысымыздағы ұстаздар ұстаханасы саналатын сол кездегі Гурьев педагогикалық институтының қабырғасынан түлеп шығады. 3 жыл Байшонас ауыландағы мектепте және 7 жыл Жылыой аудандық білім бөлімінде жасағаннан кейін туған жері Доссорға оралып, Ораз Сарғұнанов атындағы мектепке орналасады. Содан бері 27 жыл бойы аталған оқу орнында абыройлы қызмет етіп жүр. 2008-2019 жылдары аралығында білім ордасының директоры лауазымын атқаруы да жұмысқа деген адалдықтың нәтижесі болса керек. Ол өзінің қажырлы еңбегінің арқасында соңғы жылдардың өзінде бұған дейінгі жетістіктерін еселей түсті. Атап айтар болсақ: 2018 жылы «Үздік менеджер», 2019 жылы Халықаралық «Пони» олимпиадасының алғыс хаты, 2020 жылы «Үздік ашық сабақ» сайсында республика бойынша 1 орын,Республикалық мұғалімдер арасындағы олимпиададан 3 дәрежелі дипломдармен марапатталған. Сонымен қатар «Ыбырай Алтынсарин атындағы» және «Доссор мұнай кен орнына 100 жыл» мен «Мақат ауданының құрылғанына 95 жыл» төсбелгілерінің иегері. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, Гүлнәр Сапайқызының шәкірттері де апайларының үмітін ақтап, халықаралық олимпиадалар мен республикалық ғылыми жоба сайыстарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды.

422342f0-2a8c-4071-ac42-c1bd555198f4

 «Мен мамандығыма кездейсоқ келген жоқпын. Отбасымда мұғалімдер болмаса да, бала күнімнен мұғалім болуды армандайтынмын. Ол арманымды қолдап бойыма Отанға, отбасыға, табиғатқа, еңбеккке және адамдарға деген махаббатты сіңірген ата-анам. Ал бұл қасиеттер - нағыз ұстазға керек қасиеттер. Осындай дәрежеге жетуім ата-анаман кейін үлгі болған ұстаздарымның арқасы. Олардың әрқайсысынан мен білмегенімді үйреніп, өзіме керегін алып жүрдім. Ұстаз болу ол - кәсіп емес, ол - өмір салты деп айтар едім. Әріптестеріме тоқтамай дами беруге кеңес беремін. Үздіксіз еңбек қана шығарамашылықтың қайнар көзі», - дейді өз жетістіктерінің сырымен бөліскен Гүлнәр Сейлханова.

Соңғы оқу жылында-ақ үш «Алтын белгі» иегерін дайындаған ұстаз әр салада қызмет істеп және әр қалада оқуда жүрген шәкірттерінің жылма-жыл алғыстарына кенеліп жүр.

Тұлға болып жетілуімізге зор септігі тиетін жандарды өздерінің атаулы мерекесі қазан айының алғашқы аптасында ғана емес, алғыс айту күнінде де ескеріп қоюды жөн санадық. Себебі алтыннан алғысты артық көретін мамандықтың өкілдерін қанша есімізге алып тұрсақ та артық етпейді.

                                                                                                               А. Жұмабекұлы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT