"Ел қорғаны" деген елеулі атты иеленіп жүрген кәсіп иелері өздерінің төл мерекелерінде алдыңғы аға буынды да құттықтап қоюды қаперден шығармады.
23маусым -Қазақстан полициясы күні мерекесі қарсаңында Мақат ауданының полиция бөлімі басшылары ішкі істер органдары ардагерлерін арнайы құттықтады.
Басшылық тарапы елімізде орын алып жатқан қауіпті індетті ескерсе керек, ардагерлердің басын бір арнаға тоғыстырмай-ақ, өз шаңырақтарына арнайы барып, отбасы мүшелерінің алдында мерейлерін үстем етті.
Талай жылғы табысты еңбектерінің жемісін көріп отырған ардагерлерге ізбасарлары атынан арнайы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Мерейлі күнгі марапаттар легі әрі қарай бөлімде жалғасты.
Мақат ауданының полиция бөлімі қызметкерлерінің қызметтегі жетістіктері мен жоғары нәтижелері ескеріліп, бөлім бастығының алғыс хаттарымен марапатталды.
А.САДЫКОВ