Кәмшат Серікбаева полиция саласында жұмыс істеп жүргеніне бес жылдың жүзі болған. Бүгінде өзі секілді қызметке жаңа тұрған әріптестерінің ақылшысы.
Кәмшат Оразбекқызы мектеп тәмамданғаннан кейін Атырау қаласындағы бизнес және құқық колледжінде заңгер мамандығын оқып, кейін Қазіргі заманауи гуманитарлық академиясында мамандығын жоғарылатады.
2015 жылы Мақат аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы қызметіне орналасып, Ақтөбе қаласындағы Заң институтында екі айлық алғашқы даярлық оқу-жаттығу курсынан өтеді.
Әріптестері арасында сыйлы, елгезек қыз қызмет сатысымен өсіп, бүгінде үш жұлдызды аға лейтенанты шенімен қызмет атқаруда.
Бүгінде аудан бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Мектеп оқушылары арасында да құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында рейдтер, түсіндірме жұмыстарын атқарып келеді.
⠀
Біреулер үшін «Бала кезімнен полицей болуды армандағам» деген әшейін сөз болып естілер. Ал Кәмшат үшін – өмірлік таңдауы. Өйткені ол кішкентайынан тәртіп сақшысы болуды қалады. Заңгер мамандығын таңдай тұра, студент кезінен-ақ полицей болуға бекінген-ді. Бала кезінен спортпен тұрақты айналысқан Кәмшат үшін әскери дайындық, оқу-жаттығу жұмыстары еш қиындық тудырмады. Спорт демекші, ол күнделікті жеңіл атлетикамен айналысады. Одан басқа, волейбол және баскетболды серік еткен. Спортшы қыздың бұл өнері қызметінде де көп кәдеге асты.
⠀
Жасөспірімдердің ақырын жүріп, анық басуы үшін күндіз-түні дамыл таппайтын ол бұл қызметінің жауапкершілігі мен маңыздылығын жете түсінеді. Сондықтан, темірдей тәртіпке бағынған, қызметтік міндеттеріне адал. Осы жанкештілігі үшін ол жылма-жыл аудан әкімдігінің және полиция бөлімі басшылығының марапатына бөленіп келеді. Былтырғы жылдың қорытындысымен "Ең үздік жас полицей" атағына ие болды.
- Тәртіп, адалдық дегенді бәрінен биік қоямын. «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзін өмірлік ұстанымым деп санаймын. Қызметке кірісерде анам: «Қызым, адал бол! Бізді жерге қаратпа!» деп сенім артты, - дейді Кәмшат.
Күндіз-түні қызметтен дамыл таппаса да, Кәмшат Серікбаева өз міндетін зор жауапкершілікпен атқарады. Өйткені ол өзінен жас әріптестеріне үлгі-өнеге болуы тиіс.
М.Ізтұрғанова