Мақсатқа сай пайдаланылмаған жер кері қайтарылады

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан прокуратурасының заңдылық бұзушылықты жою туралы ұсынысын қарау бойынша жиын болып өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин төрағалық еткен жиынға аудан прокурорының орынбасары А.Айтқалиев, аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылыс бөлімінің басшысы Д.Төкешов, кент, округ әкімдігі және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Аталған жиында аудан прокуратурасы қадағалау аумағындағы жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізіп, заң бұзушылықтар анықталуына байланысты, аудан әкімдігіне оны жою туралы ұсынулар келіп түскендігі айтылды. Осы ұсынулар төңірегінде талқылаулар жүргізіліп, жиналыстың күн тәртібіне бекітілді.

Аталған мәселелер бойынша аудан прокурорының орынбасары Арман Айтқалиев баяндама жасады.

«Жер кодексінің 92-бабының 3-тармағына сай шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады. Осы баптың 3-тармағында шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау жағдайларына, жайылымдарда – жаю үшін ауыл шаруашылығы жануарларының болмауы не олардың саны агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган белгілеген жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасының жиырма пайызынан аз болуы және жемшөп дайындау мақсатында шөп шабудың болмауы жататыны көрсетілген. Талдау барысында жер учаскелерінің иелерінің аттарында үй жануарларының тіркелмеуі және ауыл шаруашылығы жерлерін өз мақсатына сай игерілмей отырғаны анықталды. Атап айтқанда, аудандық ветеринариялық стансасының 16.02.2023 жылғы №19 хатында АЖБ ақпараттық базасында 9 шаруа қожалығын жүргізу үшін алған жер учаскелерінің иелерінде үй жануарлары тіркелмегені белгілі болды. Мысалы, Доссор кенті әкімінің 08.11.2018 жылғы №188 шешімімен А.Қ есімді азаматқа шаруа қожалығын жүргізу үшін жалпы ауданы 500 гектар жер учаскесі бөлініп, 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы табысталған. Алайда, 5 жыл 3 ай уақыт өтсе де күні бүгінге дейін А.Қ есімді азаматтың атында үй жануарлары тіркелмеген», - деді аудан прокурорының орынбасары Арман Айтқалиев.

Сондай-ақ, ол осы тектес заң бұзушылықтар бірнеше рет орын алғандығын жеткізді. Одан бөлек, аудан көлемінде көптеген ауыл шаруашылығы малын бағуға алынған жер учаскелері игерілмей және бизнес жоспары іске асырылмай отырғандығын айтып өтті. Сонымен қатар, ол аудандық мәслихатың 30.09.2021 жылғы №49-VIІ шешімімен «Бәйгетөбе ауылдық округі бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары» бекітілгендігін жеткізді.

- «Жайылымдар туралы» Заңның 8-бабының 1-тармақшасында ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органының құзыретіне жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту жатады. Ал 13-бабының 1-бөлігіне сай жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар жайылымдарды ұтымды пайдалану, жемшөпке қажеттілікті тұрақты қамтамасыз ету және жайылымдардың тозу процестерін болғызбау мақсатында қабылданады. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу кезінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің тиісті аумақтарында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю дәстүрі ескеріледі. Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге бекітілетін нормативтік құқықтық акт болып табылады. Алайда, аудандық мәслихаттың аталған шешімнің күші күні бүгінге дейін жойылмағаны және бұл салада жаңа нормативтік құқықтық акт қабылданбағандығы анықталды», - деді ол өз баяндамасында.

Сонымен қатар, ол көрсетілген заң бұзушылықтарды жоюдың және алдағы уақытта болдырмаудың шараларын алып, заң бұзушылыққа жол берген жауапты тұлғалардың бақылауды тиісті дәрежеде ұйымдастырмағаны үшін тәртіптік жауапкершіліктерін шешу қажет екендігін айтты. Және жоғарыдағылардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабын және «Прокуратура туралы» Конституциялық Заңының 36-бабын басшылыққа алып, ұсынуды 30 күн мерзімде прокурордың және уәкілетті органдардың барлық жауапты тұлғаларының қатысуымен қарап, көрсетілген заң бұзушылықтарды жою, алдағы уақытта болдырмау шараларын қабылдауды, аудан бойынша жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жаңа жоспарын жасақтап, аудандық мәслихатқа бекітуге ұсынуды, өз мақсатына сай игерілмей отырған ауыл шаруашылығы жер учаскелерін қайтаруға шаралар қабылдауды, аудан әкімінің 14.10.2021 жылғы №156 қаулысын заңға сәйкестендіруді, заң бұзушылыққа жол берген жауапты лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін шешуді ұсынды.

Жиын барысында қатысушылар аталған ұсыныстарды талқылап, комиссия төрағасы Бекәділ Жайкин аудан прокуратурасының ұсынуын назарға алып, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі анықталуына орай, қатарынан екі жыл бойы мақсатқа сай пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскелерін Жер кодексінің 92-бабының 3-тармағына, 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алу шараларын бастап және белгілі бір мақсатқа сәйкес алған жер учаскелерінің иелерінің аттарында үй жануарларының тіркелмеуі және ауыл шаруашылығы жерлерін өз мақсатына сай игермей отырған тұлғаларға қатысты Атырау облысының жер ресурстарын басқару Департаментіне тиісті шара қабылдау бойынша хабарлама жолдау туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ, «Жайылымдар туралы» Заңның 8-бабының 1-тармақшасына сәйкес ауданның 2023 жылға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту бойынша аудандық мәслихат шешімі жасақталып, тез арада бекітуге ұсынылуын жүктеді.

Ә.ҚАСЫМ

Сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT