Мақаттық футзалшылар Қарағанды қаласында өткен әуесқойлар арасындағы VII Қазақстан біріншілігіне қатысып қайтты.
Алдымен бәсекеде бақ сынаған 48 команда 12 топқа бөлінді. Мақат құрамасы түскен J тобында «ALLUR» (Астана), «Прогресс» (Қарағанды) және Мустафа Ру-6 (Қызылорда) командалары болды. Алғашқы турда жерлестеріміз Сыр елінің жігіттерінен 3:2 есебімен басым түссе, кейін жергілікті команданы да 2:1 есебімен жеңді. Ал ақтық турда елордалықтарға 2:3 есебімен есе жіберіп қойды. Бірақ қоржынына 6 ұпай жинаған мақаттықтар екінші орынмен плей-оффқа жолдама алған еді. Жерлестеріміз плей-оффтың алғашқы кезеңінде теміртаулық «Ақжол» командасын жеңсе, 1/8 финалда Алға (Орал) командасымен пенальтиге дейін барып ұтты. Ширек финалдың кезегі келіп «Бәйтерек» командасымен кездескенде де Мақат құрамасы айып добын тебісіп келесі кезеңге өтті. Алайда жартылай финалда «Замандас» (Қарағанды) және үшінші орын үшін таласта A&J Kymyz (Ақтау) командаларымен кездескенде дәл осы пенальтиден сәттілік жолдас болмады. Сайыс нәтижесінде жүлделі орынға сәл жетпей қалған Мақат құрамасы төртінші орынға тұрақтап, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясымен марапатталды.
Жерлестеріміздің сайыс барысында өткізген әрбір ойыны тартысқа толы болды. Оған көп кездесулер соңғы минуттарда шешілгені дәлел. Команда бапкері Асылхан Бекеновтың айтуынша, онсыз да қатарлары толық кейбір команданың сапында ұлттық құраманың экс-ойыншылары болған. Сонымен қатар, Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері Павел Таку турнирдың «Үздік бапкері» атағын иемденді.
Команданың құрамында Алтынбек Қосекен, Азат Құттыбай, Асылбек Каримов, Сағытжан Каримов, Мұратбек Зарлыханов, Бекнияз Бағытжанов, Амандық Байниязов, Ержан Шарафиев, Жалғас Шуақбаев, Бахтияр Габдуллин сынды футзалшылар өнер көрсетті. Негізгі қақпашымыз Алтынбек Қосекен турнирдің «Үздік қақпашысы» атағына ие болды.
А.Есжан