Мақаттық тұрғындар мемлекеттен алған грантты мақсатты пайдаланбаған

(0 Votes)

Мақат ауданының тұрғындары жеке кәсіп ашу үшін мемлекеттен алған грантты мақсатты пайдаланбаған. Бұл туралы аудан прокуратурасы мен аудандық Мансап орталығы бірлесіп өткізген жиналыс барысында белгілі болды.

Прокурорлар кейбір грант иелерінің жалған құжат көрсеткенін, кейбірінің бизнесін әлі бастамағанын анықтапты. Ал енді бірі сатып алған құрал-жабдықтың бағасын асырып көрсеткен. Осындай 7 тұлғаға қатысты заң бұзушылық белгілі болып, сот шешімімен үшеуінен 3 млн 300 мың теңге өндіріліп алынса, ал қалған төртеуіне бизнесін бастауға мүмкіндік берілген.

 «Мысалға Мақат кентінің тұрғыны мал шаруашылығын дамыту үшін 1 млн 225 мың теңге несие алған, алайда қазіргі уақытта аталған тұлғаның атында ешқандай мал басы тіркелмегені анықталды. Прокурорлық қадағалау актсі негізінде 1 млн 225 мың теңге сотпен қанағаттандырылып, мемлекет пайдасына өндірілді», - деді  аудандық прокуратураның прокуроры Торыбек Аруов.

Және ірі кәсіпорындардың «Enbek.kz» порталына бос жұмыс орын туралы мәліметті жарияламауы да өзекті мәселеге айналған. Аудан прокурорлары осындай заңсыздықтың да жолын кесті. Содан кейін ғана «ҚТЖ» ҰК АҚ» Атырау магистральдық желі бөлімшесі және «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіпорындарының төрт филиалы 11 бос жұмыс орнын аталмыш порталға орналастырған. Нәтижесінде 2 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

 «Электронды еңбек биржасы арқылы «Enbek.kz» порталына бос жұмыс орындарын жарияламай отқан мекемелер бойынша хат жолданып, аудан прокуратурасы бұл мәселені  оң шешті. Қазіргі таңда ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес мекемеде бос жұмыс орны пайда болған жағдайда бес жұмыс күні ішінде «Enbek.kz» интернет порталына жариялануы тиіс. Егер аталған заңдылық орындалмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 98 бабы бойынша әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған», - аудандық Мансап орталығының басшысы Айбол Бағытов.

Аудандық прокуратураның мәліметіне сүйенсек, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар да заң бұзуға бейім. Мәселен сот қаулысымен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған қоғамдық жұмысшыға толық жұмыс сағаты соғылып, жалақы аударылған.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521