Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлтжанды, отаншылдық рухы биік, зияткер ұлт тәрбиелеу — маңызды міндет. Сондықтан да білімді жастардың қатары көбейсе ел болашағы жарқын болатыны анық.
Аудандық мәдениет үйінде жастардың әлеуметтік шығармашылық белсенділіктерін арттыру, аудандағы пікірсайыс қозғалысын дамыту мақсатында аудандық «МADENIET CUP» пікірсайыс турнирі өтті.
Оқушылар мен студенттер арасындағы турнирге аудандағы білім мекемелерінен 10 команда қатысты. Олар алдымен БПФ және АПФ форматында екі іріктеу ойындарын өткізді. Кейін спикерлік ұпайлары жоғары екі қатысушы Линкольн-Дуглас форматы бойынша сарапқа түссе, 4 команда финалдық ойында үш жүлделі орынға таласты.
Сайыс нәтижесінде «Ұшқыр ой» (А.Құнанбаев атындағы орта мектебі), «Ақиқат» (А.Құнанбаев атындағы орта мектебі), «Колледж жастары» (Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі), «Jentelmen» (М.Баймұханов атындағы орта мектебі), «Элита» (С.Шарипов атындағы мектеп-интернаты), «Эверест» (Бәйгетөбе мектеп-бөбекжай кешені) және финалдық ойында өнер көрсеткен «Oilike» (Х.Санбаев атындағы орта мектебі) алғыс хатқа ие болды.
Үшінші орынды «Oi-сана» (Л.Шахатов атындағы орта мектебі), екінші орынды «Oi-дария» (Л.Шахатов атындағы орта мектебі) командалары иемденді. Ал бірінші орынды «Дәстүр» (М.Баймұханов атындағы орта мектебі) командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар «Үздік спикер» атағы «Oilike» командасының мүшесі Ислам Шарапиденовке бұйырса, «Үздік төреші» болып Қуандық Танғалиев пен Гаухар Балпейсова танылды.
А.Есжан